378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Соғыс жылдары «Мосфильм» мен «Ленфильм» Қазақстанға көшірілді

  • 119
Соғыс жылдары «Мосфильм» мен «Ленфильм» Қазақстанға көшірілді

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Алматы қаласы бүкілодақтық кино әлемінің астанасына айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

1941 жылы Алатау баурайындағы қалаға «Мосфильм» мен «Ленфильм» эвакуацияланды. Олар артынша Алматы студиясымен қосылып Біріккен Орталық киностудия құрылды. Бұл жерде «Иван Грозный», «Черевики» және басқа да танымал картиналар түсірілді. Сол жылдары Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты да қазақ жерінен пана тапқан болатын.

Соғыс өрті шарпыған қалалардағы киностудиялар күзге қарай Алматыға көшіп келді. Зұлматтың ауыртпалығын қазақстандықтар да тартқанымен, қала соғыс алаңынан шалғай еді. Әр студияда басталған «Котовский», «Машенька» және басқа фильмдер қазіргі филарманония ғимаратында орналасқан киностудияда аяқталып, майданға жіберіліп отырған. Кейінірек Константин Симонов соғыстан келіп «Күт мені» фильмінің сценариін жазды. Ол да жедел түсіріліп, ұрыс даласындағы сарбаздарға көрсетілді.

Баубек Нөгербек, Т. Жүргенов атындағы ҚАЗҰӨА доценті:

– Алматыны таңдауының себебі біріншіден ол тыл болды. Терең тылда орналасқан еді. Өйткені соғыс шебі Батыс Қазақстанға дейін жақындап қалған кез болатын. Тағы бір себеп, Алматының климаттық жағдайы. Яғни 365 күннің 300 күні бізде жарық.

Сол жылдары Алматыда Кеңес одағындағы әрбір бесінші фильм түсірілді. Олардың арасында тарихи кино туындылардан бастап соғыс тақырыбындағы деректі фильмдер де болды. Сергей Эйзенштейннің әйгілі «Иван Грозныйы» да Алматыда аяқталды.

Игорь Гонопольский, театр және кино режиссері:

– Бұл фильм Сталиннің бақылауында болды. Түсірілім жұмыстары жасөспірімдер театрының ескі ғимаратындағы павильондарда жүргізілді. Ал Иван Грозныйдың әскері шайқасатын жері қала маңында түсірілді. Сол кезде пиротехника Сергей Эйзенштейннің құлақ тұсынан өтеді. Сонда режиссер: «Сендер мені көздеп жүрсіңдер ме?», – деп әзілдейді.

Бәлкім бұл белгі болған шығар. Көп ұзамай, Эйзенштейн қайтыс болады. Режиссермен бір кездескенде әйгілі көріпкел Вольф Мессинг оның 50 жасында өмірден озатынын айтқан екен. Алайда аз ғұмырында ол керемет туындылар жасады. Соғыс уақытында Алматыда Мемлекеттік кинематография институты да орналасты. Әйгілі кинорежиссер, ұстаз Сергей Герасимов осында өзінің кинорежиссура шеберханасын ашты. 

Баубек Нөгербек, Т. Жүргенов атындағы ҚАЗҰӨА доценті:

– Сол шеберханаға біздің аға буын режиссеры Мәжит Бегалин оқуға түскен болатын. Ол 1943 жылы соғыстан жарақат алуына байланысты келген болатын Алматыға. Және осындай курс ашылып жатқанын естіп құжаттарын тапсырып оқуға түсіп кеткен болатын. Кейін олар 1944 жылы қайтадан Мәскеуге оралып, сол жерде 1948 жылға дейін оқуын сәтті аяқтап, өзінің шығармашылық жолын Алматы киностудиясында басталған болатын.

Білікті режиссерлар мен актерлардың арқасында Біріккен Орталық киностудия соғыс жылдарында 23 толық және 10 қысқаметражды фильм түсірді. Соғыстың құпия қаруына айналған кино майдандағы жауынгердің жігерін жанып, Жеңіс күнін жақындатуға септігін тигізді.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы