378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Соғыс жылдары Қарағандыдан 94 вагон азық-түлік жіберілген

  • 84
  • UPD: 10:42, 09.05.2019

Соғыс жылдары қазақстандық тыл еңбекшілерінің қосқан үлесі қомақты.

Қан майданға тек Қарағандыдан 94 вагон азық-түлік жіберілген. Аймаққа 60-тан астам ірі өндіріс ошақтары көшірілді. Ал көмір өндірісі бұрын соңды болмаған көрсеткішке жетті.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы Ұлы Отан соғыс залы бүгін бүлдіршіндерге толы. «Жеңіс күні мерекесі қарсаңында мұнда келушілердің қарасы көп», – дейді музей мамандары. Қойылған жәдігерлердің арасынан соғыс батырларының суретін, майданнан келген хаттарды кездестіруге болады. Сонымен қатар мұнда соғыс жылдары шахтада жұмыс істеп жатқан тыл еңбекшілерінің де стендттері көрсетілген.

Нұрболат Алдабаев, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі:

– Соғыс басталған жылдары Қарағанды облысында 19 шахта, 3 разрез ашылды. Соғысқа кеткен ерлердің әйелдері, балалар мен қарт адамдар шахтада жұмыс істеді.

Тылдағы еңбекшілер жоғарыдан берілген жоспарды орындау үшін күні-түні еңбек еткен. Соғыстың бірінші жылы мемлекетке 100 млн пұт астық тапсырылды. Бұл көрсеткіш 1940 жылмен салыстырғанда, 24 млн пұтқа артық. Колхозшылар мен совхозшылар өз еркімен еңбек күнін таңғы бестен кешкі 22.00-ге дейін ұзартқан. Әрбір шаруа 2-3 адамның жұмысын атқарды. Олардың қатарында балалар да бар. Бекет Қабдұлов он жасынан бері тракторшының көмекшісі болып, тылда еңбек еткен.

Бекет Қабдұлов, тыл ардагері:

– Жер астында 40 жыл шахтада жұмыс істедім. 84 жасқа келдім, бала-шағамыз бар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Жыл сайын облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Ұлы Жеңіс күніне арналған кешенді көрме ұйымдастырылады. Мұнда сол сұрапыл соғыс жылдары тылдағы азаматтардың шығарған өнімдері көптеп сақталған. Сонымен қатар мұражай алаңында фронт шатырының көрінісі ұсынылған.

Айнұр Әбдиева, тілші:

– Қарағанды облысы соғыс жылдары экономикалық өндірістік орталыққа айналды.Ең ірі дегені көмір өндрісі болды. Жалпы соғыс жылдары Қарағанды бассейнінен 34 млн тонна көмір өндірілді. Сонымен қатар орталық Қазақстанға фашисттер жаулап алған қалалардан ірі өндіріс ошақтары көшілірді. Соның қатарында елімізге танымал Қарағанды кәмпиттері фабрикасы да бар.

1943 жылы неміс басқыншылары қиратқан аудандарды қалыпқа келтіру жұмыстары басталды. Қарағандыдан таукен жабдықтары мен көмір тиелген эшелондар жөнелтілді. Сонымен қатар қалыпқа келтіру жұмыстарына инженер мен техник мамандар жолданған. Жалпы Ұлы Отан соғысы жылдары 35 қарағандылық Социалистік еңбек ері атағын иеленіп, қалаға Еңбек Қызыл Ордені берілді.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы