378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығыс Қазақстан облысында 14 мың тыл ардагері бар

  • 118
  • UPD: 11:35, 09.05.2019

Шығыс Қазақстан облысында балалық шағын қара жұмысқа арнап, ерте есеюге мәжбүр болған қариялар қазір құрмет пен қошеметке бөленіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені өңірде мамыр мерекелеріне орайластырылған «Қамқорлық» акциясы басталды. Өскемендік Ермек Тоқтаровқа да құрмет көрсетілді.

Сымдай тартылған Ермек Тоқтаров үшін мамыр мерекелерінің орны ерекше. Қария әсіресе дәл осы ай өткенді жиі еске түсіретін, қобалжулы кездесулерге толы дейді. Ермек Тоқтарұлының балалық шағы соғыстың басқы жылдарымен тұспа-тұс келді. Сондықтан белі қатпай еңбекке араласып, әр күні соқа жегіп, дән сеуіп, картоп түптеумен өткен.

Ермек Тоқтаров, тыл ардагері:

– Ол кезде аттар жоқ, бәрін соғысқа әкеткен. Астықты қолмен шашатынбыз.

Осылайша ол тек 10 жасында ғана мектеп табалдырығын аттапты. Ермек Тоқтарұлы білім алғаннан кейін қылмыстық атқару жүйесі саласында 23 жыл еңбек етіп, талай ұрпақты тәрбиелеп шығарды.

Бақытжан Ниязбеков, облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті 156/22 мекемесінің бастығы:

– Қазақ жалпы қариясын қадірлеп, қартын құрметтеген халық. Бұл кісінің еңбегі зор, жастарға өмірде көргенін әлі де үйретіп жүр.

Қазір немере-шөберелерінің ортасында отырған қария оларға үнемі төзімділік пен еңбекқорлықтың парқы жайлы жиі айтады. Үлкен қызы да мамандық таңдауда өзінің ізін қуыпты.

Гүлмира Тоқтарова, ардагердің қызы:

– Мен өмірде қандай жетістікке жетсем, ол тек осы ата-анамның арқасы. Олар мен үшін үлкен беделге ие. Үнемі осы кісілердің атағына дақ түсірмей, әр міндетімді абыроймен атқаруға тырысамын.

Ермек Тоқтарұлы тең еңбегімен ғана емес, үлгілі отбасы ретінде де көпке өнеге. Жақында жұбайы Қайшамен бірге отасқандарына 54 жыл толмақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы