379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдағы «Зенит» зауытында соғыс жылдарында жарылғыш заттардың 20-дан астам түрі жасалған

  • 69
  • UPD: 12:15, 09.05.2019

Оралдағы кеме құрастыру флагманына айналған «Зенит» зауытының тарихы 1941 жылдан бастау алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отты жылдары Ленинградтағы өндіріс ошағы Оралға көшірілген еді. Кейін осында жасалған қару-жарақтың көмегімен мыңдаған жау кемесі жойылды. Ізсіз электр торпедоларын өндірудегі еңбегі үшін зауыт I дәрежелі орденмен марапатталып, ал құрастырушылар (конструкторлар) Сталиндік сыйлықтың иегерлері атанды. Зауытта мина мен торпедолардан бөлек, зымырандар, жарғыш заттар, оқ-дәрілер мен зәкірлер жасалды.

Букиндер әулетінің зауыттағы жалпы еңбек өтілі 125 жылға жуықтайды. Өндіріс орнында Павелдің ата-анасы мен әкесінің екі ағасы жұмыс істеді. Өзі де әлі күнге осы жерде еңбек етіп жүр. «Соғыс өрті тұтанған сәтте Ворошилов атындағы зауытты қоршаудағы Ленинградтан Оралға көшіру туралы шешім қабылданды. «Бәрі де майдан үшін» деп еңбек еткен біздің даңқты тарихымыз да сол кезден басталды», - дейді ол.

Павел Букин, зауыттың бас директорының орынбасары:

- Зауыт біздің өңірге 1981 жылы көшіп келді. Ал қазан айында алғашқы өнімдерін майданға жібере бастады. Ал, неге Орал қаласына көшірілді дегенге келсек, сол кезде Чапаев атындағы затон аумағында әскери өнімдерді шығаруға қабілетті өзен флоты жұмыс істеп тұрды. Ондағы механикалық шеберханаларда болашақ зауыттың негізі қаланды.

Соғыс жылдарында бұл зауытта жарылғыш заттардың 20-дан астам түрі жасалған екен. Солардың арасында жау кемесін жоюға арналған мынадай зәкірлі минаның жөні бөлек. Осындай торпедолық жою құралдарының көмегімен жаудың 5 мыңнан астам жүзу құралы талқандалыпты.

Қазір зауыт мұражайында зәкірлі минаның екі данасы сақтаулы. Тұтастай бір қабырғаның электрлі торпедолар тарихына арналуы да тегін емес. Қатерлі қаруды ленинградтық ғалымдар жобалап, оралдық зауытта құрастыра бастады. Кейін дәл осы торпедо жаудың әйгілі «Вильгельм Густлоф» атты алып лайнерінің бүйірін тесіп, су түбіне аттандырды. Бұл миналарды жасауға атсалысқан Виктор Гарчевтің әкесі Оралға көшірілген зауытпен бірге келіпті.

Виктор Гарчев, зауыттың бас инженері:

- Әкем өзінің алғашқы еңбекақысы қолға тиген бойда базарға барып қаймақ сатып алған екен. Дәмін татқан бойда Ақжайықтан басқа жаққа кетпеймін деп өзіне серт беріпті. Әрине, оның бәрі аштық пен қиын-қыстау заманның әсері деп ойлаймын. Кейін анам мен әпкелерім кетіп қалды. Ал, әкем бәрібір осында қалды.

Оралдық зауытта қазір ел шетін күзетуге арналған су көліктері құрастырылады. Жуырда ғана «Нұр-Сұлтан» атауын иеленген су жаңа кеме Каспийге бағыт түзеді.

Айта кеткен жөн, бұл тәуелсіздік алғалы бері оралдық зауытта құрастырылған 30-шы су көлігі. Ал «Кемеңгер» жобасы аясында салмағы 550 тонна болатын әмбебап кеме құрастыру келешектің еншісінде.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы