389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Соғыс жылдарында із-түзсіз жоғалған қазақ сарбазының жатқан жері Украинадан табылды

  • 699
  • UPD: 12:25, 09.05.2019

Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында із-түзсіз жоғалған қазақ сарбазының жатқан жері Украинадан табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерлікпен қаза болған лейтенант Абай Нұрдұбаев Харьков түбіндегі ауылда жерленіпті. Ағасының жатқан жері анықталғанын естіп, Қазақстаннан 86 жастағы туған қарындасы жолға шығыпты.

1943 жылғы ағасы Абай Нұрдұбаев соғысқа аттанған жылы қарындасы Сараның жасы не бәрі сегізде болған. Бүгін Сара апамыз 86 жасты еңсерген, алайда туған ағасының жып-жылы алақаны мен мейірімді жүзін ол ешқашан жадынан шығарған емес. Жауынгер Украина жерінде қайтыс болғанын жанұясы естіген, алайда нақты қай жерде жер жастанғаны талай жылдан бері жұмбақ болып келген.

Әсия Нұрдұбаева, жауынгер Абай Нұрдұбаевтың ұрпағы:

– Украина мен Қазақстанның іздеу топтары, Татьяна Крупа деген тарихшы және Харьковтағы қазақ қоғамы атамыздың қалай қайтыс болып, қайда жерленгені жайлы ақпартты іздестіруге көп көмегін тигізді. Соғыс жылдарында Харьков түбіндегі қан майданды Татьяна Крупаның апасы өз көзімен көрген екен, 15 мыңнан астам сарбаздың бір мезетте өлім құшқанын да Украинадағы апасы көріпті. Біздің Абай атамыз да сол ерлердің қатарында қаза болған боздақ, бір-біріне түрлері ұқсас сарбаздарды жергілікті халық бірге жерлеген екен.

Туған жердің бір уыс топырағын арқалап, жасына қарамай, қызын жанына ертіп алып, ағасының жатқан жеріне енді жеткен Сара апаның арманы орындалған күн бүгін. Өмір көрген, тарих көрген, соғыс көрген 86 жасар аяулы анадан біз «бақыт» деген сөздің мағынасын сұрадық.

Сара Нұрлыбаева, жауынгер Абай Нұрдұбаевтың қарындасы:

– Ең үлкен бақыт – тыныштық, балалардың күліп-ойнап жүрген кезі. Соғыс болмасын, бейбітшілікте өмір сүрейік.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы