389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жеңіс – ұлттар ынтымағының нәтижесі

  • 400
Жеңіс – ұлттар ынтымағының нәтижесі

Жеңіс – ұлттар ынтымағының нәтижесі. Өзбекстандық қарт жауынгер Бексейіт Баймырзаев осылай дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде тоқсан беске келген қария соғысқа 18 жасында аттаныпты. «От пен оқтың ортасынан елге деген сүйіспеншілік пен қарулас достарымның арқасында өтіп, аман қалдым», – дейді ақсақал. 

Омырауы орден мен медалға толы майдангерді ауыл жұрты «Ұлағатты ұстаз» деп құрмет тұтады. Өйткені Бексейіт Баймырзаев соғыстан келген соң шағын шаһарда мектеп ашып, бала тәрбиелеген. Шәкірттерінің алды бүгінде алпысты алқымдапты. Қарт жауынгер соғысты «Курск» түбіндегі кескілескен ұрыстан бастап, Украина, Венгрия мен Польша қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. Жапон соғысын да көріпті. Жеңіс күнін Чехославакияның Прага қаласында қарсы алыпты.

Өзбекстанда жалпы жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Кешегі сұрапыл соғыс жылдары олар бір атаның баласындай қолына қару алып, отанын жаудан қорғады. Сол ауызбірлік пен ынтымақ, бақайшығына дейін мұздай қаруланған жауды жеңуге негіз болды дейді қарт жауынгер.

Дінислам Қанаев, қазақ мәдени орталығы Ташкент облысы төрағасының орынбасары:

– Соғыс ардагерлеріне мемлекет атынан 7,5 миллионнан ақшалай жәрдем беріледі. Бұдан тыс ел ағалары елдегі кәсіпкерлер, аудан әкімдері, облыс әкімдерінің атынан да сыйлықтар беріліп, ардагерлердің жайларын күрделі жөндеуден өткізіп, тұрмыс жағдайларын жақсартуға кәсіпкерлер, махалла комитеттері жәрдем беріп жатыр.

Ал Вилоят апай – кешегі Ауған соғысының ардагері. Сексен жетінші жылы мәдениет майталманы таулы өңірге қорықпай аттанады. Ауғанстанда жүріп екі бірдей би ансамбілін құрады. Күндіз ауыл аралап концерт қойып, кешке госпиталдағы жаралы солдаттар алдында өнер көрсетеді. Сондағы жастардың көзіндегі мұң мен елге деген сағыныш әлі көз алдымда дейді Өзбекстанның халық әртісі.

Вилоят Акилова, Өзбекстанның халық әртісі:

– Ең бастысы біздің елімізде бейбітшілік. Бұл үлкен бақыт, қуаныш. Өйткені кез келген адам үшін ынтымақтың орны бөлек. Тыныштық бар жерде билегің де келеді, ән де саласың, халық емін-еркін қыдырады. Сондықтан мен өте бақыттымын әрі бейбітшілік билік құрып тұрған елде тұрып жатқаныма қуаныштымын.

Өзбекстаннан қан майданға 1,5 миллионға жуық азамат аттанса, соның 500 мыңдайы жат жерде опат болды. 280 өзбекстандық Кеңес одағының батыры атанды. Қанды қырғын жылдары елі жау қолында қалған мыңға жуық адам көрші елге көшірілді. Оның 200 мыңы бала болатын. Бір өкініштісі, Жеңіс туын майдан даласында желбіреткен ардагерлердің қатары күн өткен сайын сиреп барады.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков. Тимур Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы