378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандықтар ардагерлерге құрмет көрсетті

  • 146
  • UPD: 12:22, 09.05.2019

Түркістан қаласында да Жеңістің 74 жылдығына арналған салтанатты шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһардағы Жеңіс саябағында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, «Ер есімі - ел есінде» атты мерекелік жиын өтуде.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Түркістандықтар Жеңіс мерекесін тойлауды бір апта бұрын бастап кетті. Аймақтың атқамінер азаматтары ардагерлердің үйіне барып, құрмет көрсетті. Көңілін аулап, сый-сияпат жасады. Ал бүгін орталықтағы «Жеңіс» саябағында «Ер есімі – ел есінде» атты мерекелік іс-шара өтіп жатыр. Салтанатты жиын соғыста ерлікпен қаза тапқан батырларды 1 минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды. Сондай-ақ «Мәңгілік алауға» гүл себеттерін қою рәсімі өтті. Жиналғандар майдан даласында оққа ұшып, жат жерде жазым болған боздақтардың рухына тағзым етті. Аға буын жастарға ардагерлердің ерліктері туралы естеліктер айтып, Жеңістің әлем үшін маңызына тоқталды. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев ардагерлерді Ұлы жеңістің 74 жылдығымен құттықтады. Соғыс ардагерлерінің Отан қорғаудағы ерлігі бүгінгі ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің діңгегі екенін айтты. Жалпы мемлекет тарапынан ардагерлерге көмек көрсетіліп жатыр. Соғысқа қатысқандардың барлығына бір реттік 250 мыңнан қаржылай қолдау көрсетілді. Мерекеге жиналған көпшілік назарына «Жеңіс алауы» театрландырылған сазды-хореграфиялық композициясы ұсынылды. Сонымен қатар «Қазақ еліне мың алғыс!» театрландырылған сазды композициясы орындалды.

Айта кетейік, Ұлы Отан соғысына қазақ даласынан бір миллионнан аса ержүрек жауынгерлер қан майданға аттанған. Ал Түркістан өңірінен 140 мыңнан астам азамат қатысып, оның 70 мыңы ғана елге оралды. Оның ішінде 51-і Кеңес одағының батыры, 1-і Халық қаһарманы және 8-і үшінші дәрежелі «Даңқ» ордені кавалерлері атағын алды. Қазіргі таңда облыста 63 Ұлы Отан соғысы ардагері мен 9445 тыл еңбеккерлеріне және 521 Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтар тұрады.

Хабар 24 телеарнасы