378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында жасы 94-ке келген соғыс ардагері әлі тың

  • 175
  • UPD: 15:13, 09.05.2019

Жарықбасовтар жанұясынан соғысқа соңғы болып аттанған Солтанбай атамыз ол кезде небәрі 18 жаста екен.

Ол Шығыстағы Манжурияны азат етуге қатысып, елге тек 1950 жылы оралады. Әкесі де соғысқа қытасып, жаралы болып қайтқан. Ал екі бауыры қан майданнан оралмапты. Қазір Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауылында тұратын қарт жауынгермен жүздесіп қайтқан «Хабар 24» тілшісі Жандос Айтбай толықтырады.

1942 жылы Ташкенттегі мергендер оқуына түскен 17 жастағы бозбала көзі нашар көруіне байланысты екі айдан соң елге қайтады. 1943 жылы қайтадан әскерге шақыртылып, Шығыс майданда 25-ші Қызыл ту бригадасында пулеметші болады. «Соғысқа аттанып бара жатқанда анам мен қарындасымның көз жасы жаныма қатты батты», - дейді ақсақал.

Солтанбай Жарықбасов, соғыс ардагері:

Шешем кішкентай қызымен ғана қалды. Үйде ешкім жоқ. 9 тамыз күні түнгі сағат 01.00-де Сталиннің бұйрығын оқып, Қытайдың шекарасына өту керек деген. Бізді шақырып алып келіп қойды да, одан кейін түнгі сағат 02.00-де шекарадан өттік.

Шекарадан өткен соң-ақ шиеленіс басталады. Жыхе қаласын Жапон басқыншыларынан аза ету үшін 13 күн бойы жаяу жүрген. Хинган тауына таянған тұста азық-түлік таусылып, жол бойындағы өсімдіктермен жүрек жалғап отырдық, - дейді қарт жауынгер.

Солтанбай Жарықбасов, соғыс ардагері:

- Сол Жыхе қаласында тауды қоршаған қамал бар екен. Сонда бір бригада бар деді. Содан бізді сол жаққа жіберіп, сол бриагаданы тұтқынға алдық та, сонда 2 қыркүйек күні бітті соғыс 1945 жылы.

1950 жылы елге оралған соң поляк қызы Роза Франсеевнамен көңілі жарасып, отау құрады. Екеуі 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. Жоғары білім алып, 40 жылдай мектепте ұстаздық етеді. Зейнетке шыққан соң да туып өскен Алға ауылының ақсақалдар алқасын басқарып, көптеген игілікті істерді тындырады. Бір ағасы 1942 жылы Ленинград түбіндегі шайқаста қаза болған. Тағы бір бауыры із-түзсіз кеткен. Жақында ғана табылды деген жаңалық жетіпті.

Солтанбай Жарықбасов, соғыс ардагері:

- Хабар келгеніне бір ай болды. Калинин облысында Мәскеуден 360 шақырым жерде жерленіпті. Сол жерде қаза тапты деген хабар алдық 77 жылдан кейін.

Бүгінде жасы 94-ке келген Солтанбай қарияның 21 немересі 43 шөбересі бар. Әлі тың. Автокөлігін өзі жүргізеді. Ұлы Жеңіс мерекесінде немере-шөберелерін ертіп, ауыл орталығындағы саябақта орнатылған соғыста қаза болғандар ескерткішіне келіп, олардың рухына тағзым етіп тұрады.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Ерлан Әбжанов 

Хабар 24 телеарнасы