378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордалық Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 202 мың теңгеден сыйақы берілді

  • 110
  • UPD: 15:39, 09.05.2019
Қызылордалық Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 202 мың теңгеден сыйақы берілді

Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан әрбір майдангерге құрмет көрсетіп, рухына тағзым ету - кейінгі ұрпақтың парызы.

Қызылордада Жеңістің 74 жылдығына арналған мәңгілік алауға гүл қою рәсімі жыл сайынғы үрдіспен «Тағзым» алаңында өтті. Қазір осы өңірден «Хабар 24» тілшісі Нұрлан Жақыпбеков тікелей байланысқа шығып тұр.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Өңірдегі білім, мәдениет ұйымдарында Жеңіс күні қарсаңында түрлі танымдық шаралар өтті. Ал жастар жағы қаладағы майдангерлердің есімімен аталатын көшелерде сенбіліктер ұйымдастырып, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Сондай-ақ бірқатар ұжымдар соғыс ардагерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетті.

Батыр бабаларымыздың жанқиярлық ерлігімен келген бүгінгі бейбіт күннің әр сәтін бағалай білетін Сыр жастары да қатардан қалған жоқ. Ерлікке бас иген өрелі өрендер соғыс ардагерлеріне қолдан келгенше қолғабыс етті. Жеңімпаз жауынгерлердің өнегелі әңгімесін тыңдап, сый-құрмет көрсетіп, батасын алды. «Достық пен бірлікті қастерлеген аға буынның жалғасы екенімізді әрдайым мақтан етеміз», - дейді жастар. Ал негізгі шара бүгін жыл сайынғы үрдіспен «Тағзым» алаңында өтті. Жиналған жұртшылық алдымен қан майданнан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ұлы Отан соғысына Сыр өңірінен 70 мыңдай сарбаз аттанды. Оның жартысына жуығы майдан даласынан оралған жоқ. Бүгінде облыста көзі тірі 25 Ұлы Отан соғысының ардагері ғана қалды.

Жауған оқтың ортасынан аман оралған Мақсұт Сырғалиев та Жеңістің 74-ші көктемін қарсы алды. Кеудесі қазына қарияның сұхбатын ұсынамыз.

Мақсұт Сырғалиев, соғыс ардагері:

- 100-200 адам түсесің, бір жүргенде содан шығып келемін дегенше 10 адам қала ма, қалмай ма?Басқасының бәрі жолда қалды, оларға оқ тиіп қалғанын, ауырып қалғанын, сүрініп құлағанын білмейсің. Соғыс деген аты да жаман ғой. Соғыс болмасын айналайын балаларым. Менің тілегім осы. Ел аман, халық тыныш болсын, бейбіт өмір сүрейік, Балаларымыз тыныш ұйықтап, тыныш оқып, білім алсын.

Биыл Жеңіс күніне орай қызылордалық Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 202 мың теңге, ал тыл еңбеккерлеріне 75 мың теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетілді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 404 миллион теңге бөлінді.

Хабар 24 телеарнасы