378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада Жеңіс күніне орай ерекше акция өтті

  • 114
  • UPD: 15:34, 09.05.2019
Елордада Жеңіс күніне орай ерекше акция өтті

Мыңдаған адам батыр бабаларының суретін ұстап, көшелерді аралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

2 шақырымға созылған сап. Мыңдаған адам. Соғыс жылдарынан сыр шертетін әндер. Мұның бәрі зұлмат жылдарда от кешкен батырлардың құрметіне арналды. Олардың басым көпшілігі өкінішке қарай, қазір жоқ.

Есесіне олардың ұрпақтары батыр бабаларының суретін алып, осы маңға жиылған. Қазір Қазақ елі монументінің алдынан акция бастау алады. Кейін мыңдаған адам Тәуелсіздік даңғылының бойымен жүріп өтіп, «Отан қорғаушы» алаңына барады. Сол жерде қан майданда ел үшін опат болғандардың, соғыс батырларының құрметіне арнап гүл қойылмақ.

Жиналған көпшілікке соғыс жылдарынан мәлімет беретін түрлі қағаздар үлестірілді. Жеңіс лентасы таратылды. Топ ішінен жасты да, жасамысты да көруге болады. Кімді болмасын сөзге тартсақ та, бәрі де батыр бабаларын мақтан тұтып жатты.

Блиц 1:

Менің әкем бұл. Осы Ұлы отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан адам. 3 рет жаралы болып, әйтеуір 1945 жылы елге оралды. Бұл Жеңіс күні өте қасиетті күн.

Блиц 2:

- Бұл кісі Берлинге дейін жеткен. Рейхстагқа ту қоюға Р.Қошқарбаевқа иығын қойып, сол кісіні шығартып, жалауды тіккен кісі.

Блиц 3:

- Қолымдағы суретте менің ағам бейнеленген. Соғысқа 1941 жылы шақыртылады. Майданнан тек 1495 жылы ғана оралады. Жаяу әскер қатарында болған. Берлинге дейін жеткен. Ал, сол жағымдағы менің атам. Біз үшін батыр. Сондықтан ержүрек бабаларымыздың есімін әрдайым ұлықтаған дұрыс деп білемін.

Шеруге шыққан мыңғырған адамның ішінен атақты Т34 танкісін құрастырған инженердің ұрпағын кезіктірдік. Мына кісі. Атасы әйгілі инженер болған екен.

Темірлан Тіленбаев, қала тұрғыны:

Атам Ресейдің Челябі аймағындағы танкі зауытында инженер болған. Атақты Т34 танкісін құрастырған санаулы адамдардың бірі. Мен бабамды мақтан тұтамын. Барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтаймын!

Қазақ елі монументінен басталған шеру Отан қорғаушылар алаңына дейін жалғасты. Тек елорданың өзінде 25 мыңдай адам 4 шақырым жерді жаяу жүріп өтті. Ел үшін кеудесін оққа тосқандарға осылайша құрмет көрсетті. Жөн. Себебі, ер есімі - ел есінде!

Авторлары: Қорған ТӨреқожа, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы