389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да Ұлы Жеңіс күнін 82 соғыс ардагері қарсы алды

  • 362
  • UPD: 15:35, 09.05.2019
СҚО-да Ұлы Жеңіс күнін 82 соғыс ардагері қарсы алды

Солтүстік Қазақстан облысында Ұлы Жеңіс күнін 82 соғыс ардагері қарсы алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отан үшін от кешкен қарт жауынгерлер салтанатты шараларға қатысып, елдің құрмет-қошеметіне бөленді.

Солтүстік Қазақстан облысынан сұрапұл соғысқа 90 мыңнан астам адам аттанды. Соның тең жартысы елге оралмады. Талайы із-түзсіз жоғалып кетті.

1941 жылы Петропавлда атақты 314-ші атқыштар дивизиясы құрылды. Олар ондаған қаланы жаудан азат етті. 17 жерлесіміз Кеңес Одағының батыры болды. Ер есімі қашан да ел есінде. Қан майданда қасық қаны қалғанша жан алысып, жан беріскен боздақтарды «Мәңгілік алау» маңына жиналған жұрт еске алып, ескерткішке гүл қойды.

Солтүстік Қазақстан облысында Ұлы Жеңістің 74-ші көктемін 82 қарт жауынгер қарсы алды. Көбі төсек тартып қалған.

Ал алаңға келгендерге мыңдаған адам тік тұрып құрмет-қошемет көрсетті. Әсіресе, жастар жағы оларды құшақтап, Ұлы Жеңіс үшін алғыс айтты. Ал сұрапұл соғыста із-түзсіз кеткен, қаза тапқан немесе осы күнге жетпеген жауынгерлерді ұрпақтары еске алды. Олар қолдарына әке, аға, аталарының суретін алып, басты көшелермен жүріп өтті. Ал сұм соғыстан елге аман оралған ардагерлердің бірі – Қожатай Некібаев.

Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар кешке дейін жалғасып, түнде Жеңіс саябағында отшашу болады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев, Вадим Пятков, Дмитрий Рура, Сергей Вансович

Хабар 24 телеарнасы