378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда Жеңіс күніне орай Даңқ залы ашылды

  • 125
  • UPD: 22:33, 09.05.2019

Таразда Жеңіс мерекесі күні Даңқ залы ашылды. Жаңа нысанға Ұлы Отан соғысы жылдарынан сыр шертетін фотосуреттер мен экспонаттар қойылған.

Сонымен қатар бүгін алғаш рет «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы пайдалануға берілді. Онда майдангер-қаламгердің шығармашылығы мен тұлғалық болмысын айшықтайтын нақты деректер жинақталған.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

-Жеңістің 74 жылдық мейрамын Жамбыл облысындағы ел-жұрт та кең көлемде тойлап жатыр. Соғыс жылдары Әулиеата жерінен 100 мыңнан астам адам майданға аттанды. Оның жартысы елге қайтып оралмаған.  Таңертең ардагерлер, қала тұрғындары және жастар жиналып, Мәңгілік алауға гүл қойды. Батырлар рухына тағзым етті. Бір минуттық үнсіздік жариялап, опат болған сарбаздарды еске алды. 

«Даңқ» залы Жеңіс саябағының қақ ортасына салынды. Нысанның ерекшелігі мұнда бір жарым миллионнан астам фотосуреттерден соғыс жылдарының шежіресі жасалған. Келушілер 1941 жылдан бастап, 1945 жылдарға дейінгі кезеңдегі көріністерді көре алады. Тіпті 1941 жылғы «Барбороса» жоспарының картасы ілінген. Сонымен қатар Мәскеу үшін шайқас, Бауыржан Момышұлы, генерал-майор Панфилов сияқты аты аңызға айналған батырлардың 100-ден астам фотосуреттері мен 200-ден астам құжаттар қойылған. Бұл жерде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың суреті де тұр. Бұл бөлімде «Ленинград блокадасы» көрсетілген. Мұнда ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңі сияқты тарихи жәдігерлерді көруге болады. Жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де осы залға ілінген. Ал залдың екінші қабатында Бауыржан Момышұлына арнап алғаш рет «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Бұл жерде батырдың балалық шағынан бастап, кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей мен көркемсурет бұрышы жасалған. Сондай-ақ, тарихи тұлғаның шығармашылығына арналған кітапхана, жиын өткізуге арналған конференция залы жасақталған. Тағы бір ерекшелігі деректер жинақтайтын мамандарға арналған үш қызметтік бөлме мен бір фотолоборотория қарастырылып отыр. 

Зейнеп Ахметова, Бауыржан Момышұлының келіні:

- Бұл жәй ғана ғимарат емес. Бара-бара бұл нағыз білім, ғылым, тарих орталығына айналады деп ойлаймын. Атам марқұм айтатын «мен өлгеннен кейін де тірілердің ішінде жүремін» деп. Мінеки бүгін ата ортамызда деуге болады. Өйткені атаның атына арнап, артында қалған мол мұрасын бір сөзі болса да жерде қалмасын деп ұрпаққа үлгі болсын деп соның барлығы бір жерге жинақталып отыр.  

Бекқұлы Әліұлы, қала тұрғыны:

- Ресейдің 13 облысын, Белорустың 6 облысын аралап жүріп дәл осындай Даңқ залы дегенді мен көрген жоқпын. Мұражайлар, панорама, диаграмма бар. Кең көлемде барлығы қамтылған.  

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Жалпы негізгі мерекелік шаралар Жеңіс саябағында өтіп жатыр. Мейрамға 11 мыңнан астам халық жиналған. Тұрғындар мен қала қонақтары қарт майдангерлерді жағалап, суретке түсіп жатқан көріністі көп байқауға болады. Олардың қатары жыл санап азайып бара жатқанын жұрт түсінеді, сезеді. Былтыр өңірде Жеңіс күнін 100 Ұлы Отан соғысының ардагері тойласа, биыл ортамызда 75 батыр қалып отыр. Қарияларымызды қадірлейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Хабар 24 телеарнасы