389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Соғыс кезінде Семей Жеңіс күнін жақындатқан өнеркәсіп ошағының бірі болды

  • 384
  • UPD: 23:01, 09.05.2019

Семей қаласы Ұлы Отан соғысы жылдары ірі өнеркәсіп ошақтарының біріне айналды. Шаһарға шұғыл түрде Украина мен Ресейден бірнеше кәсіпорын көшірілді.

Киев химия-фармацевтикалық зауыты, Харьков протез зауыты, тігін және аяқ киім фабрикаларына ғимараттар тауып, олардың жұмысын жандандыру оңай болған жоқ.

Сол сияқты қаладағы кеме жөндеу, ет комбинаты, киіз басу фабрикаларында майданға кеткен азаматтардың орнында жасөспірім балалар мен әйелдер еңбек етті.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Жауға күйрете соққы беріп, Жеңіс күнін жақындата түсу үшін ұрыс даласындағы ауыр техника мен қару-жарақтан өзге тылдағы еңбеккерлердің шыдамдылығы, төзімділігі, білек күші қажет болды. Семейдегі 85 жылдық тарихы бар ет комбинаты сол бір сұрапыл жылдары тоқтаусыз күндіз-түні жұмыс істеді. Мұндағы майданға аттанған азаматтардың орнын әйелдер мен бұғанасы қатпаған жас балалар алмастырды.

Семейлік соғыс ардагері Дмитрий Литвиненко майданға аттанғанша ет комбинатында еңбек етіпті. 1942 жылы 7-сыныпты аяқтаған ол кәсіпорын жанындағы училищеге білім алуға оқуға түседі. Алайда сабақтан тыс уақытта күндіз-түні еңбек етуге тура келді дейді қария.

Дмитрий Литвиненко, соғыс және тыл ардагері:

- Бізге ол жерде 2 сағат сабақ болады да, қалған уақытта жұмыс істейміз. Ұранымыз: «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» Ал жұмыс уақыты кем дегенде 12 сағат, таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін тыным жоқ. Жоспар емес, міндет қойылды бізге. Ал әр айдың соңында комбинаттан мүлдем шығармайды, сонда түнейміз. Біраз көз іліп аламыз да, консервіге арналған банкалар жасайтын станокка жүгіреміз.

Соғыс жылдары Семейде 10 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұрды. Олардың барлығы әскери басшылықтың ерекше тапсырмаларын орындау үшін қызу еңбек майдана түсті. 1941 жылғы жаздың соңына дейін зауыттар мен фабрикаларда 60-тан астам өнім түрлері шығарылып, тоқтаусыз майданға жөнелтіліп жатты.

Меруерт Ерғалиева, музей қызметкері:

- Украинадан әкелінген үлкен фабрика, іс фабрикасы сол уақытта майдан даласына жауынгерлерге гимнастерка және де шұлықтарға дейін киімдердің барлығын осы іс фабрикасы жіберіп жатқан болатын. Мина зауыты жұмыс істеп жатты. Онда да қаншалықты қиыншылық көріп жүрсе де кішкентай балалар сондай ауыр жұмыстарды атқарып жатқан болатын. Сол сияқты пима зауыты да жұмыс істеп жатты. Пима шығарып майдан даласына жіберіп жатты.

Жеңісті жақындатуға ауылдар да үлес қосты. Егін және мал шаруашылықтарында қаршадай балалар еңбек етті. Аналар атқа мініп, темір тұлпарларды тізгіндеуге тура келді. Өйткені бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін еді.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы