378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Батыр әжей небәрі 18 жасында ұшаққа бомбаны қолмен тиеп жауды талқандаған

  • 102
  • UPD: 23:11, 09.05.2019

Ұлы Отан соғысы жылдары ұшқыш болып, ұшаққа бомба тиеп, оны жау жеріне тастауда ерлік көрсеткен батыр әже бүгінде Ақтау қаласында тұрады.

Украина, Маньчжурия мен Қиыр Шығыстағы сұрапыл шайқастарға қатысып, елге жеңіспен оралған Қамқа Үмбетәлина соғыстан кейін білек сыбанып, еңбекке белсене араласты. Ол Маңғыстау мен Атыраудың қара алтынын игеруге атсалысып, «Барлаушы ханшайым» атанды. 

Қамқа Үмбеталина бейбіт өмірдің қадірін ерте түсінді. Ол небәрі 18 жасында от кешті. Әскери оқу-жаттығудан өткен бойжеткен жауға қарсы әуеден шабуыл жасау үшін ІV Украина майданына жіберілген.

Қаршадай қыз ауыр бомбаларды ұшақтарға қолмен тиепті. Оның негізгі қызметі жойқын жарылғыш заттарды жау жеріне лақтыру.

«Жастықтың әсері ме ештеңеден қорықпаймыз, ойымызда тек Отанымызды жау қолынан қалай да аман алып қалу ғана болды», - деп еске алады Қамқа әжей. 

Қамқа Үмбеталина, соғыс ардагері, құрметті мұнайшы:

- Парашюттан секіруді бәрін үйретті ғой. Сосын парашютпен секіргенде я болмаса ана самалетке оқ тиіп құлағанда, еш уақытта қорқып, сознаниені жоғалтпау керек деді. Есін жоғалтпай құлаған адам тірі қалады деді. Мен айтар едім әрбір екінші кеңес жауынгері ерлікке дайын еді, сондықтан да жеңдік қиын жауды.

Қария жеңісті Қиыр Шығыста қарсы алды. Алайда ол үшін соғыс мұнымен біткен жоқ. Жауынгер қыз жапондарға қарсы ұрысқа да араласты.

Бірде жау жеріне бомба тастап, қайтып келе жатқанда ол мінген ұшақтың моторына оқ тиген. Экипаж мүшелері жау қолына түсіп қалмау үшін Кеңес жеріне жеткенше жанып жатқан ұшақта отыра берген. Тек ел аумағына кірген соң ғана парашютпен жерге түскен. 

Қамқа Үмбеталина, соғыс ардагері, құрметті мұнайшы:

- Уссурийская Тайга деген бар елсіз. Іші толған аю мен жолбарыс. Менің парашютім ағашқа ілініп қалды. Тайга ғой қалың. Ілініп қалғаны жақсы болды. Кеш болған, түн. Ойладым, жерге түссек жолбарыстар келіп, жеп қояды ғой бізді. Ол кез тамыз айы. Бір заманда бір шал келе жатыр. Қасында нән ит. Айқай салдым. 

Соғыстан кейін  Қамқа Үмбетәлина қазақ мұнайын игеруге атсалысты.  Кейуана тағдырдың жазуымен жолдасы мен жалғыз ұлынан ерте айырылды. Алайда елі үшін от кешкен қарияны халқы жалғызсыратқан емес. Әлеуметтік қызметкерлер күн сайын қолұшын берсе, жас мұнайшылар ақыл сұрап, жиі хабарласады. 

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Соғыс кезінде майданға Маңғыстаудан 6 мыңнан астам жауынгер аттанып, олардың 4800-ге жуығы елге оралмады. Жеңіс үшін қасық қаны қалғанша күрескен майдангерлердің ерлігін паш ету үшін Мәңгілік алау маңына мынадай «Мәңгілік даңқ» тақтайшасы орнатылды. Мұнда аймақ тұрғындары аталары мен апаларының суреттері мен ерлігі туралы естеліктерін іліп жатыр. Сіз де іліңіз, жас ұрпақ батыр бабалардың ерлігін біліп жүрсін!

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы