379.46 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2018 жылы 8,5 млн шетелдік қазақ жеріне саяхаттап келген

  • 124
  • UPD: 15:37, 10.05.2019

Бірер жылда елімізге ресейлік туристер ағылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

«Қазақ туризм» ұлттық компаниясының шақыртуымен Қазақстанға туризм сарапшылары келді. «Қазақстандағы туризмнің болашағы жарқын», – дейді олар. Тек ақпарат аз, насихаты кем. Жалпы, өткен жылы 8,5 млн шетелдік қазақ жерінде саяхаттаған.

Швейцариялық Мария Тереза Дурфлер бұл. Қазақстанға келген сайын таңданысын жасырмайды. «Елордаңыздың аты ғана өзгермеген, келбеті де кемелдене түскендей», – дейді. 74 жастағы кейуана саналы ғұмырын қонақ үй бизнесіне арнаған. Соңғы он жылда әлем шарлауға ден қойыпты. Үлкен әсер қалдырған ел Алаш астанасына үшінші рет келіп отыр.

Мария Тереза Дурфлер, турист /Швейцария/:

- Нұр-Сұлтан маған қатты ұнайды. Қаланың дамып келе жатқанына қуанамын. Мұнда достарыммен келдім. Мен саяхаттағанды өте жақсы көремін. Жалғыз ұлым Португалияда тұрады. Жазда оған да барып қайтамын.

Былтыр елімізге 8,5 млн турист келсе, оның 500 мыңнан астамы елорда қонағы. Мария Тереза сияқты меймандарымызды қаланың зәулім ғимараттары ғана емес, халықтың қонақжайлығы да тәнті етеді. «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы ресейлік туристердің қатарын арттырмақшы. Ол үшін көрші елден арнайы сарапшыларды шақырған. Алғашқы әсер айтарлықтай. 

Татьяна Кольцова, туризм бойынша сарапшы /Ресей/:

- Қазақстанда туристерге барлық жағдай жасалыпты. Нұр-Сұлтанның өзі Дубаймен бәсекелесе алады. «Қазақ туризмнің» шақыртуымен келіп отырмыз. Ресейлік туристер үшін Қазақстан әзірге жұмбақ ел. Сіздерге ақпараттандыру жұмыстарын күшейту керек. Бүгінде жерлестерім ТМД елдеріне қатты қызығатынын байқаймын. Бұл ретте туризмнің сан түрі дамып келе жатқан Қазақстанның әлеуеті зор.

Елордамыз астаналар мен ірі қалалар ассамблеясының шешімімен ТМД-дағы үздік қала атанған. Көркі көз тартар жас қаламызды туризм орталығына айналдыру үлкен мұрат.

Туризм – мемлекет жарнамасы. Бүгінде елордада 230-дан аса қонақ үй бар. Бұл 20 жыл бұрынғы жағдайдан 80 есеге көп. Нұр-Сұлтанға келіп, қаланың сән-салтанатын көзімен көруге асық туристер де жетерлік. Дүниежүзілік туристік ұйымның қалалық туризм бойынша 8-ші жаһандық саммиті біздің астанада өтпек. Демек Нұр-Сұлтан қаласы арқылы елордамызды, Қазақстанды күллі әлемге таныту мүмкіндігі туады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы