378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетаудағы майдангерлердің үйлерінің маңында әскери әуендер шырқалды

  • 89
  • UPD: 15:30, 10.05.2019

Көкшетауда да құтқарушыларды даярлайтын институттың курсанттары ардагерлерге ерекше тосын сый жасады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олар қаладағы қарт майдангерлердің үйінің маңына барып, терезесінің тұсында соғыс жылдарындағы әуендерді оркестрмен орындады.

Таныс әуенді естіген соғыс ардагері Асылбек Дәулетов үйінде отыра алмады. Сыртқа шығып, курсанттардың тосын сыйын тамашалады. Асылбек ақсақал 1943 жылы небәрі 18 жасында соғысқа аттанып, қанды қырғынның бел ортасында болған. Жастардың осындай құрметіне қарт майдангер дән риза. 

Асылбек Дәулетов, соғыс ардагері:

- Сіздер біздің көңілімізді көтересіздер. Сіздердің құрметтеріңіз бізге күш-қуат береді. Әрі қарттық пен ауру дендеген тәніміз бен жанымызды бір сергітіп тастайды.

Сұм соғыстың зардабы қарияға кезінде қатты тиген. Себебі, қарт майдангердің әкесі мен екі ағасы қан майданда қаза тапты. Кейіннен өзіне де әлсіздігі мен жастығына қарамастан әскерге шақыртылып, соғыс даласынан бір-ақ шыққан.

Асылбек Дәулетов, соғыс ардагері:

- Мен әскерге шақырылғанда бойым небәрі 1 метр 50 см, ал салмағым 45-ақ келі болған. Мылтығым өзімнен биік болатын. Мен солай әскерде қиын жағдайда өстім. Ал сендерде қазір бәрі жақсы. Ешбір қиындық көріп жатқан жоқсыңдар. Соны бағалай біліңдер.

Асылбек ақсақал қазір 93 жаста. Соған қарамастан еңсесін тік ұстауға тырысады. Күнделікті аулаға шығып, көршілермен әңгіме-дүкен құрады. Шамасы келсе, арасында серуендеп тұрады.

Күлән Темірбаева, А.Дәулетовтің көршісі:

- Елу шақты жыл осы Асылбек Жазитұлымен көрші болдық. Менің үйлену тойымда болған бұл кісі бас құда боп. Жүгіріп жүрген балалар атаны жақсы көреді. Біздің мақтанышымыз. Жақсы көреміз. Спортпен айналысатын кісі. Балаларға осы алаңның бәрін істеткен осы ата. Соның арқасында. Бұл кісіге тілейтінім көп жасасын. Ендігі 75 жылдыққа аман-есен жететін болсын деп біз күтеміз, үміттеміз.

Дәл осындай құрмет қаладағы ардагерлерге жасалды. Курсанттар оркестрмен әскери әуендерді әуелетсе, полицейлер жанды дауыста ән салды.

Әділет Серік, курсант:

- Біз, Көкшетау техникалық институтының курсанттары, Көкшетау қаласындағы Ұлы Отан соғысының 15 ардагерінің үйлеріне арнайы барып, осы курсанттардан құралған оркестрдың күшімен соғыс жылдарындағы әуендерді паш етіп, сыйлап жатырмыз. Осы әуендер арқылы біз өзіміздің ардагерлерге деген ыстық лебізімізді, алғысымызды білдіріп жатырмыз.

Жалпы, Ақмола облысынан сұм соғысқа 90 мыңға жуық адам аттанса, олардың жартысына жуығы ғана елге аман-есен оралған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы