389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы Панфилов ауданынан соғысқа 9 мыңнан аса жауынгер аттанған

  • 509
  • UPD: 22:00, 10.05.2019

Алматы облысының Панфилов ауданынан Екінші дүниежүзілік соғысқа 9 мыңнан аса жауынгер аттанған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың үш жарым мыңы ұрыс даласында қаза тауып, 1700-і із түзсіз жоғалғандар тізімінде. Сұрапыл соғыстан Жазиралы Жаркент өңіріне аман оралған сарбаздардың екеуі ғана Жеңістің 74 жылдығын қарсы алды.

Сембек Қожахметовтың балалығы аштық жылдарына тұспа тұс келсе, жалындаған жастық шағы сұрапыл соғыста өтті.

Небәрі 17 жасында әскер қатарына алынған ол 6 айлық оқу жаттығудан өтіп, кескілескен ұрыстың бел ортасына түскен. Ленинградты қорғап, өзге де елді мекендерді жаудан азат етуге қатысты. Ал 1945 жылы Қиыр Шығыстағы Жапон соғысына аттанған.

Панфилов ауданынан сұрапыл соғысқа аттанған жауынгерлердің тағы бірі – Якуб Данахунов. Қазір 94 жаста. Жасынан жетім қалып, Үлкен Шыған ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленген. 1942 жылы әскерге шақырылып, майдан шебіне аттаныпты. Украинадан бастап, Харьков, Киевті жаудан азат етуге қатысты. Литваға жетпей, ауыр жарақат алып, елге 1946 жылы оралады.

Якуб Данахунов, соғыс ардагері:

– Литваға, Эстонияға да бардым. Украинаға келіп, содан қайта қайтарды.

Сухрат Әміржан, Я.Данахуновтың шөбересі:

– Мен атамды жақсы көремін. Менің атам батыр. Ол бізге бейбітшілік сыйлады.

Ғасырға таяу ғұмырында қос майдангер ашаршылық пен соғыс бейнетін бастан өткерді. Бүгінде сол ауыртпалық пен қиындықтың қызығын көріп отыр. Қарт жауынгерлер бейбітшіліктің бесігінде тербеліп өскен шөберелерінің қолынан су ішіп, мамыражай замандағы әрбір күніне шүкіршілік айтудан шаршаған емес.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы