389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте 12 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды

  • 855
  • UPD: 23:47, 11.05.2019

Шымкентте көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекке 12 мың адам қол жеткізген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ал сәуір айынан бастап 21 мың тұрғыннан өтініш қабылданыпты. Шаһарда 39 мыңнан астам халыққа әлеуметтік көмекті алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болған батыр аналар қаражатты желге ұшырмай кәсіп бастап, тұрмысын түзеуге көшкен. Солардың бірі – алты баланың анасы Тілләгүл Қарсыбаева.

Тілләгүл Тасболатқызы атаулы әлеуметтік көмектің ақшасын жуырда алған. Қаражаты қолына тиген бойда кәсіп ашуды ойға алып, ол тігін машинасын сатып алды. Қазір Тілләгүл қыз жасауына қажетті көрпе-төсекті түрлі заттарды тігіп, оны саудалаумен айналысуда. Көмекші ретінде көршісін жұмысқа да алған. Қолы қалт етсе балаларының жанынан табылуды ұмыт қалдырмайды. Оларды сабаққа дайындайды. Үйдің бар тірлігіне үлгереді.

Тілләгүл Қарсыбаева, көп балалы ана:

- Мемлекеттің беріп отырған атаулы әлеуметтік көмектің арқасында тірлігімді жүргізіп отырмын. Ыңғайлы. Өзім сияқты көп балалы аналарға айтар едім, майда-шүйдеге ақшаны кіргізіп жібермей, осылай балалардың көз алдында отырып жұмыс істеген дұрыс. Үйде тамақтары тоқ. Біреуін күтіп аламын, бірін мектепке шығарып саламын. Арасында жүгіріп есігімнің алдында тірлігімді істеп аламын.  

Көп балалы отбасы бұл үйді жалдап тұрады. Күміс алқа иегері Тілләгүл алты жыл бұрын пәтер кезегіне тұрыпты. Ұлының үлкені қазір 8 сыныпқа аяқ басқан. Ал кенжесі 1,5 жаста. Оларда өз баспаналарының болуын армандайды. Ал Шымшаһарда Тілләгүл секілді 12 мың отбасы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасының шарапатын сезініп қолдауға ие болған. Мамыр айының 15-іне дейін құжат тапсырған 21 мың отбасының 9 мыңға жуығы қаражатына қол жеткізеді.

Гүлжан Құрманбекова, қала әкімінің орынбасары:

- Бұл жерде әлеуметтік көмек екіге бөлінеді. Шартты және шартсыз болып. Шартты көмектер 12 айға алынады. Шартсыздары 6 айға алынады. Бұл әлеуметтік көмек – үйінде жағдайы шынында да төмен, тамақ таппай отырған, балаларына мектепке баруға киім таппай отырған отбасыларға арналған көмек. Сондықтан бұл жерде комиссия оны ажыратуы керек.

Тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмекті дер кезінде үлестіру үшін мамандар күні-түні жұмыс істеп жатыр. Айта кетейік, Шымшаһарда бүгінгі таңда көп балалы аналар саны 31 мыңнан асады. Оның 3 200-інің күнкөріс деңгейі төмен. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар 36 мыңға жуықтайды. Әлеуметтік көмек алатын азаматтарға шаһардың төрт ауданынан құжат рәсімдейтін бірнеше «Аналар орталығы» да ашылған болатын. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы