389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бүгін – Дүниежүзілік медбикелер күні

  • 821
  • UPD: 08:27, 12.05.2019

1971 жылдан әлем бойынша дәстүрлі түрде дәл осы күні аталып өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игілікті мамандық иесі атанған мейірбике ісі қашанда құрметке лайық. Осындай мамандардың бірі – Нұр-Сұлтан қалалық бесінші емхананың бас мейірбикесі Гүлзи Әбенова.

Гүлзи Әбенованы ақ халатсыз елестету мүмкін емес. Себебі денсаулық сақтау саласына тапжылмай тер төгіп, еңбегімен елдің ыстық ықыласына бөленгеніне 30 жылдан асыпты. Бүгінде елордадағы емханалардың бірінде бас медбике болып істейді. Гиппократ антын қабылдап, міндетін мінсіз атқарып жүрген сақа маман. Қазіргі жас мамандарға ізденуден жалықпау керек деп кеңес береді.

Гүлзи Әбенова, бас медбике:

– Тек қана колледждің білімі аз болады. Оқымасаң арта қалып қоясың. Қазір технология дамыған заман.

Бүгінде елімізде мейірбике ісін дамыту үшін ауқымды шаралар қолға алынған. Сәйкесінше, медбике тек дәрігер бұйрығын орындаушы ғана емес, терең білімді маман саналады. Бұрындары, орта біліммен шектелсе, қазір медбике ісінің магистрі, PhD докторы санатына дейін оқуын жалғастыруға мүмкіндік бар.

Нұржамал Қонысова, аға медбике:

– Біздің уақытымызда ондай мүмкіндік болған жоқ. Қазіргі жастарда мүмкіндік көп. Осыдан 15 жыл бұрынғы медбике орта білімді маман болсақ, қазір жоғары бакалавр, одан әрі магистр, докторантура бітіріп, ғылыми жүұмыспен айналысуға болады.

Жалпы еліміз бойынша қазір 175 мыңнан астам медбике қызмет етеді. Олар дәрігерлердің жүктемесін азайтып, жұмысын сапалы атқаруына септігін тигізіп келеді. Науқасты қабылдағаннан бастап, оны емдеу барысындағы барлық күйбең тіршіліктің бел ортасында жүретін мейірбикелер еңбегі қоғам алдында қашанда бағалы екені сөзсіз. 

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы