379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Райымбек ауданының шаруалары 1000 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алмақ

  • 134
  • UPD: 13:54, 12.05.2019

Алматы облысы Райымбек ауданының шаруалары биыл мың бас асыл тұқымды ірі қара сатып алмақшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мал басын асылдандырып, ет өткізуді арттырып, сапалы өнімге мән беруді көздеп отыр. Ірі шаруа қожалықтарымен қатар шағын шарушылықтар да қарқын алып келеді.

Мал басын асылдандыруды қолға алған шопандардың бірі – Нұрлан Құдиярбеков. Ол былтыр «Әулиекөл» тұқымды 4 бұқа сатып алған. Ірі қараны табынға қосып, Зеңгі баба төлінің сапасын арттыруға кірісті.   

Нұрлан Құдиярбеков, шаруа қожалық жетекшісі:

– Қолдағы бұқамыз 250 келі ет берсе, ол 400 келі ет береді дейді. Соған қызығып, ынталанып жатқан жайымыз бар.

Шаруашылық жетекшісі 200 бас арқар меринос қойын алып, ұсақ мал басын да асылдандырмақ ниетте. Осы мақсатта ол мемлекет көмегіне жүгініп, жеңілдетілген несиеге өтініш берген. Құжаты мақұлданып, қаржы бөлінуін күтіп жүрген шопан алдағы 5 жылда асыл тұқымды шаруашылық атануға ұмтылып отыр. Ауданда осындай 80-нен аса қожалық бар. 

Нұрлан Оралқұлов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Биылғы тұқымдық түрлендіру бойынша 22 пайызға шығуымыз керек. Былтыр 17 пайыз болғанбыз. Сондықтан ауданымыздағы 81 шаруа қожалық малын асылдандыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі күнге 43 бұқа сатып әкелінді. Оның сыртында 37 бұқаны арендаға алуға келісімшарт жасалды.

Өткен жылы аудан шаруалары «Ауыл шаруашылығын қолдау» қоры арқылы 250 бас герефорд сиырын әкелген. Биыл да 300-і жеткізілмек. Сонымен қатар 700 ірі қараны Алтайдан алдырып, Жетісуға жерсіндіру жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев,

Хабар 24 телеарнасы