389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда тұңғыш рет «Медицина балы» өтті

  • 528
  • UPD: 13:56, 12.05.2019

Қарағандыда «Жастар жылына» орай «Медицина балы» өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Республика бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған игі шараға студенттер мен жас дәрігерлерден құралған 31 жұп қатысты.

Салтанатты кештің шымылдығы «Қазақ вальсімен» ашылды. Әсем әуеннің ырғағына еліткен 31 жұп ортада әдемі би өрнегін көрсетті. Ең қызығы, олардың ешбірі де бұрын-соңды өнердің бұл түрімен кәсіби тұрғыда айналыспаған. Сондықтан балға қатысушыларды онколог-дәрігер, әуесқой биші Юрий Фоменко екі ай дайындапты. 

Темірлан Саматов, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

– Бұрындары өз өмірінде кәсіби хореографиямен айналыспаған адамдарды биге үйрету, олардың әуенді есту, оны сезуі, әрбір қозғалысы оңайға соққан жоқ. Дегенмен де олардың барлығы бүгін өз өнерлерін барынша көрсетеді. Екі ай дайындалдық, яғни 15 жаттығу болды. 

Балға қатысқан 31 жұптың барлығы да – медицина университетінің студенттері мен жас дәрігерлер. Бұл күні оларды қолдауға жиналған халықтың қарасы көп болды. Кеш соңында биге қатысқан азаматтың бірі Айдын Амангелді сүйіктісі Тоғжан Оспановаға өмірлік жар болуға ұсыныс жасады.

Бүгінде жас жұбайлардың екеуі де теміржол ауруханасында еңбек етеді. Айдын жедел-жәрдем қызметінің фельдшері болса, Тоғжан медбике. Екі жыл бұрын табысқан жарасымды жұп биыл шаңырақ көтеруге бел буыпты.

Айдын Амангелді, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Бүгінгі күнді өзім ұзақ күткенмін. Өте қобалжыдым. Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын.

Балдың жүлде қоры – 2 миллион 500 мың теңге. Бұл күні 31 жұптың барлығы да марапатталып, ақшалай сыйлық алды. Ал әділ қазылар кештің ханзадасы мен ханшайымын анықтап, тәж кигізді. Енді игі шара дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрмақ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы