378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерінің бейітін туыстары Германиядан тапты

  • 116
  • UPD: 15:17, 12.05.2019

Қостанайлық отбасы аталарының нақты жерленген жерін анықтаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сейілбек Битанов есімді азамат жиырмаға толмаған шағында майданға аттанып, Еуропа қалаларын алу кезінде ерекше ерлік көрсетіпті. Соғыстың соңына дейін жетіп, Берлин үшін шайқасады. Бірақ жат жерде оққа ұшады. Арада бірнеше ондаған жылдар өткесін туыстары батырдың қабірін тауып, Берлинге барды.

Қостанайдан Берлинге дейін. Фатима Жүсіпова бұл жерге інісімен бірге келген. Битановтар жанұясы осы күнді асыға күткендерін айтады. Себебі соғыс кезінде қаза тапқан ағалары Сейілбек Битанов неміс жеріне жерленген. Шёнхольцер Хайдедегі бауырластар зиратында жатыр.

Фатима Жүсіпова, С.Битановтың туысы:

– Мемориалды тақтада ағамның атын көргенімде, кеудемді бір ерекше сезім кернеді. Ол ел үшін соғысып шейіт болды. Осылайша нағыз батырдың, патриоттың ең бастысы қазақ жігітінің ерлігін танытты.

Сейілбек Битанов майданға 19 жасында аттанған. Қатардағы жауынгерден аға лейтенантқа дейін көтеріледі. Ер есімі ұмытылмайды. Туыстары оның атын мақтан тұтады.

Фатима Жүсіпова, С.Битановтың туысы:

– Еуропа қалаларын алғанында командирі ерекше ілтипатын білдірген. Ағамыз үйге жіберген хатында «мен міндетті түрде Жеңіспен ораламын», – депті. Бірақ оның қазасы барлығының жанына батты. Тағдыр ғой.

Батыр шамамен мына тұста оққа ұшқан. Дәлірек айтсақ, Берлин үшін шайқаста көшеде жарақаттанған. Жеңіске бес күн қалғанда ерлікпен көз жұмады. Балаларының неміс даласында қаза тапқанын естіген ата-анасы жылдар бойы қазақ жерінен топырақ алып, бейітіне келуді көздепті. Дегенмен арада тек 74 жыл өткесін ғана туыстары Сейілбек Битановтың қабіріне жетіп отыр. 

Ерболат Оспанов, С.Битановтың туысы:

– Атамды еске алып келдік. Ерлігін ұмытпаймыз. Менің анам осы жерге келуді армандады. Бейітін тапқысы келді. Сейілбек атам мен үшін батыр.

Германияда мұндай мемориалдың жүздегені бар. Жергілікті халық бейіттерге ерекше қарайды. Күтім жасайды. Ал Жеңіс күнін тарихтағы жаңа дәуірдің басталуы деп есептейді.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы