378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да мұқтаж жандар мал санын көбейтпек

  • 87
  • UPD: 15:30, 13.05.2019

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында мемлекет қамқорлығына мұқтаж жандар мал санын көбейтуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұған жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету бағдарламасы оң септігін тигізіп отыр. «Мемлекеттік қолдау олардың сәл де болса тұрмысын түзеп, өз кәсібін ашуына септігін тигізеді», – дейді мамандар.

Ботагөз Ғұмарова – 3 баланың анасы. Үшеуі де мектеп жасында. Былтыр оның отбасына атаулы әлеуметтік көмек ретінде 280 мың теңге беріліпті. Биылғы жылдың І тоқсанында тағы 216 мың теңге қолға тиіп отыр. 

Ботагөз Ғұмарова, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

- Өзім бала күтушімін, жолдасым электрик. 2018 жылдан бастап атаулы көмек алып, 2 бас мал алдым. 2019 жылы бір бас алдым. Енді ары қарай мал басын көбейтеміз деп отырмыз. 

Ал Әсел Елемесованың таңдауы Шекшек ата түлігіне түсіпті. Ол да былтыр 300 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алған. Осы қаржыға сатып алған екі сиыры да қазір төлдеп тұр. «Бұрын-соңды мал ұстап көрмедік. Кейін берілген қаржыға ешкі  сатып алдық. Өйткені ешкі малы тез төлдейді, өте өсімтал келеді», – дейді ауыл тұрғыны. 

Әсел Елемесова, Қаратөбе ауданының тұрғыны:

- Биыл 255 мың тиді, жартысын алдым, жартысына 10 ешкі алдым, 6 төлденді. Ендігі мақсатым тағы да осылай ақша беріп жатса, жазда қорамызды оңдап, шөп-шорамызды алып, шөбімізді алсақ деп отырмыз.    

Жанат Асантаев, Қаратөбе ауданының әкімі: 

- Осы көмектің арқасында отбасы өз жағдайын жөндеп алуы керек. Мал алып, құс алып немесе кішігірім өзінің жеке кәсібін ашуға болады. Сол жағынан көптеген көмектер көрсетіледі, сол отбасыларға үлкен көмек деп ойлаймын,  өз ісін ашып кетуге, осы санаттан шығуға.

Жыл басынан бері аймақта 6428 отбасына, яғни 33 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек ретінде 700 миллион теңге төленіпті. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен 4 миллиард теңге бағытталған. Қаратөбе ауданында былтыр 8 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, биыл тағы 94 отбасы құжаттарын өткізіпті. «Мемлекеттің көмегін алуға ниетті тұрғындар саны әлі де артуы мүмкін. Жыл соңына дейін олардың саны аудан бойынша 130 отбасыға дейін жетеді деп болжаймыз», – дейді мамандар.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы