379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы шіркеу құрылысын үш жылдың ішінде аяқтау жоспарлануда

  • 119
  • UPD: 15:26, 13.05.2019

Елордада жаңа ғибадатхана құрылысының іргетасы қаланды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пен елдегі православ шіркеуінің басшысы астанайлық және қазақстандық митрополит Александр қатысты. Сонымен қатар Грекия, Сербия сынды алыс-шалғай шет мемлекеттерден де дін өкілдері келді.

Еуропадағы Патриарх экзархы, Кемеров митрополиті, Волгоград митрополиясының басшысы, Эстониядан Нарва әміршісі, Молдовадан қасиетті Никодим және Украинадан Епископ. Қазақстан астанасындағы төртінші шіркеудің іргетасын қалауға алыс-шалғай шет мемлекеттерден осындай діни делегациялар келді. Ғибадатхана құрылысының басы-қасында Ресей, Беларусь, Сербия және Грекия елшілері де жүрді.

Дәурен Абаев, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Қазақстан – зайырлы мемлекет. Елімізде алуан түрлі дін өкілдері бар. Айрандай ұйыған түрлі ұлт өкілдері бүгінде өзінің діни әдет-ғұрпын сақтап, діни ғимараттарын салуға құқылы.

Православ дәстүріне сай, тарихи сәттің куәгерлері мен діндарлар дұға қылды. Сондай-ақ келушілер жаңа шіркеу құрылысы туралы ұсынысқа әу бастан қолдау білдірген Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын жеткізді.

Александр, астанайлық және қазақстандық митрополит:

- Мешіт пен ғибадатханалар салу елордамыздың көркіне көрік қоссын деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіремін. Өзі айтқандай, ислам мен христиан діндері көк аспанымызда қалықтаған бейбітшілік құсының қос қанаты іспетті. Жақсы адамдардың қолдауымен шіркеу құрылысы алдағы 3 жылдың ішінде аяқталуы тиіс.

Айта кетейік, ғибадатхана Нұр-Сұлтан қаласының Сығанақ көшесі бойында «Жасыл орам» тұрғын үй кешені ауданында бой көтереді.

Авторлары: Асхат Ниязов, Гульнара Хасан мен Нургали Мамурбаев

Хабар 24 телеарнасы