389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы БҚО жұртшылығымен кездесті

  • 473
  • UPD: 20:55, 13.05.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында жергілікті жұртшылықпен кездесіп, аймақтың дамуына қажетті бағыттарды айқындап, өңір басшылығына бірқатар міндет жүктеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның негізгісі, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, жолды дұрыстау және ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту. Президент өңірдің экономикалық әлеуетін өте жоғары бағалай келе, өңдеу саласын дамытып, жоғары технологиялық кәсіпорындар ашу керектігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойынша, Батыс Қазақстан облысы инвестициялық тартымды аймаққа айналуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Инвестициясыз бірде-бір ел әрі қарай көтеріле алмайды. Сондықтан мен әкімге Орал қаласында индустриалды аймақ құрылысын жеделдетуді тапсырамын. Өзге де аумақтағы нақты жобаларды іске қосуға күш салуды тапсырамын. Екінші тапсырма – агрөнеркәсіптік кешенді серпінді дамыту. Оған мүмкіндік бар. Облыс ет өнімдерінің халықаралық нарығына шығып, Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Иранға қой етінің экспорты 3 жарым есеге, сиыр еті 21 процентке артты. Бірақ проблема да бар. Облыс ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі жөнінен 15 орында тұр. Облыс экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі соңғы жылдары төмендеп келеді. Ол көбінесе қуаңшылықпен байланысты. Себеп түсінікті. Дегенмен біздің мақсатымыз – ауыл шаруашылығының көрсеткіштерін жақсарту. Өңірдің етті мал шаруашылығын дамытуға әлеуеті бар. Сондықтан мен әкімге министрлікпен бірге агроөнеркәсіптік секторды дамытуға ықпалды шараларды жүзеге асыруды тапсырамын.

Жиыннан соң, Мемлекет басшысы Орал қаласында орналасқан медициналық орталыққа барды. Орталық соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған. Бұл жерде көзге және тіске күрделі операциялар жасауға лайықталған еуропалық жабдықтар бар. Облыс тұрғындары бұрын мұндай операцияларды жасау үшін арғысы Ресейге, ел ішінде Алматы мен Нұр-Сұлтанға баруға мәжбүр болатын.

Хабар 24 телеарнасы