387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сириядан қайтарылғандар сұмдық жағдайларды баяндады

  • 977
  • UPD: 23:29, 13.05.2019

Сириядағы оқ пен от ортасынан тағы 231 қазақстандық құтқарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жусан» операциясы аясында елге қайтарылғандардың 156-сы – бала. 59-ы – әйел. Тағы 16-сы – ер азамат.

Енді солардың жат жерде лаң салып, террорлық әрекеттерге қатысқандары өз заңымыз бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Сирияға барып, сергелдеңге түскендер мен олардың туыстары бүгін тілшілерге сұхбат берді.

Сирияны жұмақ көріп кеткендер, жылап келді. Басым бөлігі қарулы қақтығыс аймақтарында құжаттарын жоғалтқан. Жат ағымның жетегімен Шам еліне кеткендер мамырдың жетісі мен тоғызы аралығында елге қайтарылды. Елбасының шешімімен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың санкциясына сәйкес ұйымдастырылған «Жусан» операциясының екінші кезеңі сәтті өтті.

Жолдасына иланып, 2013 жылы Түркия арқылы Шам еліне өтіп кеткен әйелдің өкініштен өзегі өртеніп отыр. Алдымен жүзін көрсетпеуді өтінді. Кейін ағынан жарылып, көргенін баяндап берді. Айтқаны адам сенгісіз. Бірақ ақиқат. Теріс ағымдағы содырлар Сирияда әйелге малша қарайды. Сондықтан күн көру мүмкін емес. Сорақысы сол, тұтқындағы бір келіншек орташа есеппен 4-5 рет күйеуге тиеді. Одан асса... 

Сириядан қайтарылған әйел:

– Бірнеше рет күйеуге шыққан әйелдер де бар. Әйелдің күйеуі қайтыс болса, 4 ай күтеді. Сол күн біткесін әйелді алуға неше түрлі еркектер келеді. Тамақ жоқ, су жоқ.

Ал басқа әйелдің Сирияға баласы мен келіні кеткен екен. Ұлы сол жақта көз жұмған. Көрер жарығы бар екен, келіні мен немересі Қазақстанға қайтарылды. Баласынан айырылған ананың қазір көңілі жүдеу. Жүзі солыңқы. Туған баладан айырылу оңай ма?!

Сирияға кеткен жігіттің анасы:

– Ұлым жоғары білімді еді. Қарапайым тілмен айтқанда «алтын бала» болатын. Оқуын қызыл дипломға тәмамдаған. Әке-шешесін еңіретіп, жат жерге кетіп қалады деп үш ұйықтасам да түсіме кірмеді. Теріс ағымдағылар оның миын улап тастаған болуы керек. Бұл өзгелеріне үлкен сабақ болса деймін. Қатты қайғырып отырмын.

Мамырдың жетісі мен тоғызы аралығында елге қайтарылған 231 адамның 156-сы бала болса, соның 18-і – жетім. Олардың ата-анасы қарулы қақтығыс аймақтарында қайтыс болған яки хабар-ошарсыз кеткен. Жетімдер енді туыстарына қайтарылады. Жалпы елге оралғандардың арасында 7 жасқа дейін 107, 7-12 жас аралығында 43, ал 12 жастан асқан 6 бала бар. Жартысынан астамы шетелде дүниеге келген. Жалпы «Жусан» операциясының екінші кезеңі АҚШ-тың қолдауымен жүзеге асты. Елге қайтарылған азаматтар – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау облыстарының тумалары. Террорлық ұйымдарға қытысы бар кей азамат енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Бақытбек Рахымбердиев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы:

– Қазақстанға келгеннен кейін 16 ер адам мен 4 әйел террористік іс-әрекетке қатысы бар деген күдікпен тұтқындалды. Олар қылмыстық істерін тергеу орындары бойынша Нұр-Сұлтан, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қарағанды және Шымкент қалаларына берілді. Қалған 55 әйел баласымен бірге Ақтау қаласы маңындағы арнайы оңалту орталығына бір ай мерзімге орналастырылды. Медициналық тексерістер өткізіліп, карантин белгіленді. Қосымша олармен психологтар, ҮЕҰ өкілдері жұмыс жүргізуде.

«Жусанның» бірінші кезеңінде елге 47 қазақстандық қайтарылған еді. Осы жолы – 231. Сирияда әлі 300-ге жуық азаматымыз бар. Олар да жыл соңына дейін елге әкелінуі мүмкін. Жалпы осы кезге дейін Шам өлкесінде ұзын саны 300-дей отандасымыз мерт болған.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Жандос Битабаров, Мейрамбек Ақмаханов

Хабар 24 телеарнасы