379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде шағын және орта бизнес нысандары көбейіп келеді

  • 102
  • UPD: 11:44, 14.05.2019

Дәстүрлі сауда-саттықтан өзге, жиһаздар мен медициналық бұйымдар шығаруға деген ынта да жоғары.

Қазір осы салада 55 мыңнан астам халық еңбекпен қамтылып отыр. Жыл сайын кәсібін ашып, нәсіп табамын деушілерге мемлекет жеңілдетілген несиелер мен гранттар бөлуде.

Насихат Қабдығалиқызының негізгі мамандығы орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Алайда отбасылық жағдайлармен ауылдан қалаға көшкен ол осыдан 10 жыл бұрын кәсіпкерлікпен айналысуға бел буады. Алдымен дәріхана ашып, кейін медициналық жиһаздар шығару ісін қолға алады. Ол үшін арнайы медициналық оқу орнын да тамамдапты. Мемлекеттің қолдауымен жеңілдетілген несие алып, қазір мына ғимаратта 40 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр.

Насихат Исабаева, кәсіпкер:

- Бұрын бизнестің кейбір түрлеріне рұқсат алу, тіркелу машақаты көп еді. Қазір оның барлығы біртіндеп жеңілдеп келеді. Мәселен, Ұлттық сараптама орталығынан куәлік алу үшін бұрын бір жарым, екі жылдай күту керек болса, қазір электронды тәсіл көп уақыт үнемдейді. Салық туралы анықтаманы бірнеше күн күтпей ақ әп сәтте алуға болады.

Қазір кәсіпорын медициналық мекемелерге арналған 300-ден астам жиһаз түрін шығарады. Болашақта нанотехнологияларға мән беріп, жаңа өнім түрлерін көбейту жоспарда тұр.

Данияр Шәкәрімов, Семей қалалық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

- Семей қаласы бойынша шағын және орта кәсіпкерлігі бойынша тіркелгендер саны 29401 бірлік, оның ішінде істеп тұрғандар саны 22 мың 174 бірлік. Ол 2018 жылға қарағанда, салыстырғанда 17, 9 % көбірек. Шағын және орта кәсіпкерлік жұмысшыларының саны 55 мың 539 адамды құрады.

Биыл жыл басынан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша жалпы құны 86 миллион теңге болатын 8 жоба қаржыландырылыпты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы да несиені субсидиялау шаралары жалғасын таба бермекші.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы