378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық жомарт жандар баспанасыз отбасыларға үй салып беруде

  • 77
  • UPD: 23:29, 14.05.2019

Рамазан айы басталған бір апта ішінде Маңғыстау облысында 200-ден астам отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қайырымдылық шараларына өңір меценаттарымен қатар қарапайым тұрғындар да атсалысуға асық.

Айталық, Батыр ауылында облыстық мешіттің ұйытқы болуымен баспанасыз жүрген екі отбасыға үй салынып жатыр.

Енді бірер айда бұл үйде қоныс тойы тойланады. 3 бөлмелі үйді салуға бүкіл Мұнайлы ауданының халқы жұмылдырылуда. Бірі іргетасын құйып, енді бірі кірпішін қалауға көмектескен. Тағы бір қалталы азамат жерін сатып алып беріпті.

Мұрат Тәңірбергенов, ҚМД басқармасы халал бөлімінің Маңғыстаудағы өкілі:

- Мұнайлы ауданының жастарының басын қосып, осындай қайырымдылық шараны ұйымдастыруды ұйғардық. Үйдің 70 проценттейі бітіп тұр. Есіктері алынды. Тек жылы еден мен қазандықты бітірсек, үй дайын тұр.

Көптің көмегімен біткелі тұрған бұл үйге Алуаш Серікбаеваның отбасы қоныстанады. 68 жастағы кейуананың қуанышында шек жоқ. Өзге елден ата жұртқа оралған ол бала-шағасымен бірге 7 жылдан бері ағаштан салынған ескі лашықта тұрып келеді. «Енді қыста кішкентай немерелерім жылы үйде тұратын болды», – дейді әжей.

Алуаш Серікбаева, Батыр ауылының тұрғыны:

- Бәріміз де қуанып жүрміз. Оқудағы балаларым сірә қуанып жатыр. Үлкен үйде отыратын болдық деп. Бастапқыда налыды бізде үй жоқ қой деп.

Ораза басталғалы бір апта ішінде аймақта 200-ден астам отбасыға азық-түлік үлестіріліп, қаржылай қолдау көрсетілген. Қайырымдылық шарасынан көп балалы және асыраушысынан айырылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да шет қалған жоқ. «Рамазан айы мұсылман баласы үшін тек ораза ұстаумен ғана шектелетін ай емес. Бұл айда жақсылық жасаған жандарға еселеп сауап жазылады», – дейді облыстың бас имамы.

Смайыл Сейтбеков, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы:

- Соңғы уақытта қайырымдылық жасағысы келетін азаматтардың саны да көбейіп келе жатыр. Себебі, біріншіден, біздің әл-ауқатымыздың тураланғандығы, екіншіден, имандылыққа бет бұрғаннан кейін Алланың берген нығметін өзгелерге де бөліп беріп, қамқор болып, жеткізуді міндет санайтын азаматтарымыздың саны көбейіп келе жатыр.

Қайырымды іс жасағысы келетін тұрғындар үшін аймақтағы барлық сауда орталықтарына арнайы сөрелер қойылды.

Дүкенге келген кез келген тұрғын өзінің сатып алған затының бір бөлігін сөрелерге қалдырып кете алады. Мен наны бар, қанты бар, бір отбасыға бір күндік азық болар деп азық-түлік сатып алдым. Әр аптаның соңында мешіт қызметкерлері келіп, қайырымдылық ретінде жиналған бұл заттарды жинап алады да, мұқтаж жандарға таратып береді.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы