378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


WorldSkills Shygys-2019: қатысушылар 43 мамандық бойынша бақ сынауда

  • 123
  • UPD: 23:28, 14.05.2019

Өскеменде жұмысшы мамандықтары бойынша жастар арасындағы аймақтық WorldSkills Shygys-2019 кәсіби шеберлік чемпионаты басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оған қатысушылар 43 мамандық бойынша бақ сынауда. Бұл байқауда шығысқазақстандық жастардың бағындырған биігі көп.

Мәселен, өткен жылғы республикалық чемпионатта 9 қатысушы жеңімпаз атанып, халықаралық деңгейдегі сайысқа қатысуға мүмкіндік алған еді.

WorldSkills Shygys – өңірлік чемпионаты өлке жастары үшін асыға күтетін мүмкіндік алаңы. Сондықтан биыл оған қатысушы жастар саны 270-тен асып жығылды. Чемпионатта IT саласы, өндіріс және инженерлік технология, қызмет көрсету сынды ең сұранысқа ие деген 9 бағыт таңдады. Сайыстың мүддесі – жастардың бойындағы кәсіби шеберліктерін  ашу.

Әсем Нүсіпова, облыс әкімінің орынбасары:

- Ең негізгі мақсат – біздің балаларымыздың әлеуетін көрсету. Жеткіншектер сайыс арқылы өз білімдерінің деңгейін бағамдай алады. Кейін кәсіп іздеп, жұмысқа орналасуда бұның ықпалы ерекше. Жұмысшы мамандығын игерудің де маңызы зор екенін ұмытпауымыз керек.

Осылайша үздік тігінші, шебер шаштараз немесе мықты сылақшы сындылар ғана додада топ жарады. Олардың жұмыстарына кәсіпорындардан келген сарапшылар баға береді. Қуанарлығы, осымен 4-мәрте өтіп жатқан жарысқа алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер қатысуда.

Қажымұқан Оспанғалиев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Мүмкіндігі шектеулі балаларымыз дені сау балалармен бірге бір алаңда жұмыс істеп жатыр, жарысты орындап жатыр, бұның өзі олардың басқа балалармен бір деңгейде жұмыс істей алатынына сенімін арттыра түсетін болады.

Чемпиоант барысында My PRO мамандық фестивалі өтті. Онда 20-дан астам колледж ұжымы жастарды түлектерді өздері ұсынатын мамандық түрлерімен таныстырды. Көрмеге келгендерге бұл ерекше ой салды.

Қымбат Бейсеқанова, студент:

- Мамандығым дене шынықтыру пәні мұғалімі болса да, аспаз мамандығына қызығушылығым артып отыр. Болашақта соны оқып алуға болады.

WorldSkills Shygys-2019-дың биылғы жеңімпаздары Нұр-Сұлтан қаласында өтетін 5-ұлттық чемпионатта облыс намысын қорғайтын болады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Руслан Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы