378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында ауыл шаруашылығы саласы цифрлық жүйелерге көшіріле бастады

  • 66
  • UPD: 08:06, 15.05.2019

Атырау облысындағы Махамбет ауданында асыл тұқым өсіретін фермада ешкілерге электронды чиптер орнатылып, сүт зауытының жұмысы толықтай цифрлық жүйемен жұмыс істей бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Автоматты қондырғылар қол күшін азайтып, шаруалардың жұмысын анағұрлым жеңілдетті.

Швейцариядан әкелінген асыл тұқымды ешкі фермасының 1300 бастан астам түлігі бар. Биылғы төлдеу науқаны аяқталса, мал басы 1,5 мыңнан асады дейді мамандар. Осынша малға көп қол күші қажет екені белгілі. Осыған байланысты қазір шаруашылық цифрлық жүйеге көшіріліп жатыр. Ешкілерге Италияда арнайы жасалған электронды чип орнатылды.

Виктор Шефер, ешкі фермасының технигі:

– Бұл чип ешкіге қатысты барлық мәліметті бізге компьютер арқылы жеткізіп отырады. Тәулігіне қанша сүт береді, ауырып тұрма, қайда жайылып жүр, осындай деректердің барлығын онлайн желісі арқылы бақылап отырамыз. Осының арқасында жұмысымыз жеңілдеп, уақыт үнемдеуге зор мүмкіндік алдық.

Ешкі фермасында жылына 180 тонна сүт сауылып, одан 140 тонна табиғи таза өнім өндіріледі. Ферманың сүт өңдеу зауыты да толықтай цифрлық жүйеге көшірілді.

Тамила Розметова, асыл тұқымды ешкі фермасының директоры:

– Цифрлық жүйелер жеңілдіктер алып келді. Сүт сауудан бастап дайын өнім өндіру жұмыстарының барлығы автоматты түрде жүргізіледі. Бұрын осының барлығын қолмен атқаратынбыз. Қазір түймешікті басып отырсаңыз болды, өндірілген өнім туралы деректерге дейін есепшілерге түсіп отырады. Қағазбастылықтан да құтқарды. 

Зауытта қазір ешкі сүті, ірімшік, айран, йогурт, балмұздақ секілді 20 түрлі өнім шығарылады. Еліміздің батыс аймақтарын қамтудан бөлек Ресейдің Астрахань, Волгоград, Орынбор облыстарына өнім экспорттап отыр. Ферманы цифрландыру қол күшін азайтқандықтан, қазір 35 адам ғана еңбек етіп жатыр. Ал босап қалған мамандар қайта даярлықтан өткізіліп, шаруа қожалығының өзге салаларындағы жұмыстарға орналастырылды. 

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы