378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік оқушылар арнайы картаға көшеді

  • 55
  • UPD: 15:29, 16.05.2019

Ақтөбедегі 25 мектептің оқушылары қыркүйектен бастап арнайы карта қолданады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оның көмегімен білім ұясына кіріп-шығып, асханада тамақтанып, тіпті қоғамдық көлікте де жүре алады. Бұл – «ақылды қала» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың бірі. Қазір жаңа жүйе қаладағы №23 мектеп-лицейінде сынақтан өтіп жатыр.

Эльмира Айшуақова 12 жасар қызын мектепке өзі алып келеді. Баласының амандығын ойлайтын ана жалғыз жіберуге қорқатынын айтады. Ал оқушылар қауіпсіздігін күшейтуге арналған білім ұясындағы істерді естігенде қатты қуаныпты. Жақында мұнда карта жүйесі енгізілетін болады.

Эльмира Айшуақова, қала тұрғыны:

- Бізге ол өте тиімді. Өйткені ұялы телефонымызға күнделікті сәлемдемелер келіп тұрады. Бұл баланың өмір қауіпсіздігіне өте қолайлы деп ойлаймын. Өткені біз, жұмысбасты адамдар баланың қай уақытта келіп, қай уақытта шығып отырғанын біле аламыз.

Арнайы пилоттық жоба әзірге №23 мектеп-лицейінде жүзеге асып жатыр. Мұнда оқитын екі мыңнан астам бала мен 165 қызметкер білім ұясында орнатылған турникеттен карта арқылы өтеді. Кімнің қай уақытта келіп, қашан шыққанын әзірге тек басшы ғана бақылай алады. Бірақ жаңа оқу жылынан бастап оқушылардың келіп-кеткен уақыты, әр пәннен алған бағалары ата-аналарының телефондарына жіберіліп отырады.

Гауһар Байғабылова, №23 мектеп-лицейі директорының орынбасары:

- «Ақылды қала» бағдарламасына кіргеніміз біз үшін үлкен қуаныш. Себебі бұл балаларға да, оқушыларға да, ата-аналарға да, мектеп қызметкеріне де өте ыңғайлы. Себебі бұл ең бірінші баланың өмір қауіпсіздігі және мектептегі тәртіпті күшейтеді. Яғни мектепке бөгде адамдардың кіріп кетпеуіне үлкен көмегін тигізеді.

«Ақылды қала» жобасы аясында бүгінде қаладағы 83 мектептің барлығына бейнебақылау камералары орнатылып, кең жолақты интернет желісі қосылған. «Күнделік» сайты жұмыс істеп тұр. Енді келесі айдан бастап баланы бірінші сыныпқа қабылдау электронды нұсқада жүргізіледі.

Серік Әшірбеков, мемлекеттік қызмет көрсетуді үйлестіру және ақпараттандыру бөлімінің басшысы:

- 1 маусымнан бастап 1 сыныпқа кезекке қою және оны реттеу жүйесі жұмысын бастайды. Ол бүгінгі таңда барлық тестілеуден өтіп, өзіміз анықтаған талаптар бойынша сәйкестігі расталды.

Жоба соңғы екі жылдан бері сәтті жүзеге асып келеді. Бұған дейін білім, медицина, көлік, тұрғын үй шаруашылығы және қауіпсіздік бағыттары бойынша өрбіді.

Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Түрлі министрліктермен бірлесіп алты жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның барлығы да Ақтөбе үшін жаңа бағыттар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы