378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында өндірістік күл үйіндісі рұқсатсыз қазылып жатыр

  • 70
  • UPD: 15:29, 16.05.2019

Павлодар облысында өндірістік күл талан-таражға түсіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өткен ғасырдың 70-жылдары энергетикалық кәсіпорынның қалдық сулары төгілген жерде қазір қарбалас тірлік. Жер қыртысын жұмысшылар қолмен қазып, алынған күлді қаптарға салып көлікке тиеп жатыр. Бұл кімнің нұсқауы? Күл қайда кетіп жатыр?

Ақсу қаласына апартын жол осы. Теміржолдың бойы қара құрым жұмысшылар мен қаланған қаптардан көрінбейді. Өткен ғасырдың 70-жылдары пайда болған күл үйіндісі елу жылдан кейін кімге керек болғанын ешкім дөп басып айта алмайды.

Әйгерім Қабылтаева, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары:

- Қандай мақсатта қолданылады? Қайда жіберіліп жатыр. Бұл туралы мен ешқандай мәлімет қазір бере алмаймын.

Қазба жұмыстары сәуір айының басында жүргізіле бастады. Бірақ бірде-бір мекеме рұқсат бермепті.

Бекзат Бешенбаев, Геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының инспекторы:

- Бұл қатты минералды шөгінділерге жатады. Яғни энергетикалық өндірістің қалдықтары ретінде. 70-жылдары рекультивация жасалған және бұл жерде микросфераны өндірумен айналысып жатқан халықтың ешбірінде ешқандай рұқсат қағазы жоқ.

Тұрғындар мұндағы қалдықтардан бағалы заттар іздесе керек. Зерттеу жүргізген Ұлттық сараптама орталығының өңірлік филиалы ешқандай құнды дүние таппаған.

Қуат Тәліпов, Ұлттық сараптама орталығы, радиологиялық зертханасының ПФ зертхана басшысы:

- Мұның құрамында алтын немесе басқа химиялық элементтер бар деп айту өте қиын. Себебі жоқ. Бұл кәдімгі көмірдің күлі.

Жылу электр стансаларында жағылған күлдің қалдықтары көзге  көрінбейтін өте ұсақ бөлшектерден тұрады. Диаметрі 10-нан бірнеше жүз микрометрді құрайды. Ғылыми тілде алюмосиликатты бос микросфералар деп атайды екен. Минералдық құрамында бағалы заттар кездеспегенімен, полимерлі бұйымдар, құрылыс материалдары үшін таптырмас шикізкат көзі. Медициналық жабдықтар жасауда, әскери өндірісте, радиотехника мен электроника саласында кеңінен қолданылады. Қайықтар, суда батпайтын арнайы киімдер де жасалады екен. Ресми емес мәліметтерге сүйенсек, қалдық күлдің бір тоннасы 300 мың теңгеге дейін барады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы