378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хан-Шатыр» маңында қазақ этноауылы ашылады

  • 64
  • UPD: 16:58, 16.05.2019
«Хан-Шатыр» маңында қазақ этноауылы ашылады © astana.gov.kz

31 мамыр мен 2 маусым аралығында елордада алғаш рет Nur-Sultan Ethno Fest ірі этномәдени мерекесі өтеді, - деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Хан-Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының алаңында киіз үйлер тігіліп, аттар мен қыран құстар көрмесі ұйымдастырылады, сондай-ақ, келушілер құмыра жасау ісімен танысады, ортағасырлық стильдегі этнобазарды аралайды. Этноауыл сағат 10:00-22:00 аралығында ашық болады. Шараны Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Қазақстанның этноспорт қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырады.

Этноауыл аумағында орналасқан киіз үйлердің жанынан ұлттық кәдесыйлар сатылатын арнайы жәрмеңке өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары үш күндік фестиваль аясында ақындар айтысы, мерекелік концерт сияқты шараларды тамашалап, найза лақтыру, қол күресі, мас-рестлинге, садақ ату және серке көтеру жарыстарында күш сынасады. Жарыс жеңімпаздары ұйымдастырушылардың атынан бағалы сыйлықтармен марапатталады.

«Nur-Sultan Ethno Fest шарасының ерекшелігі - жиналған қауым қазақ халқының салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен етене таныса алады. Өкінішке орай, уақыт өте келе олар ұмытылып жатыр. Мысалы, қамшыгерлік, тезге салу, қолқа салу, тығырыққа тіреу, арқан өру, қамшы өру и шаңырақ көтеру. Фестиваль шеңберінде өтетін басты шара атта отырып садақ атудан бірінші «Алтын жебе» Әлем чемпионаты болмақ. Жарысқа әлемнің 20 мемлекетінің мергендері қатысады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

Атта отырып садақ атудан «Алтын жебе» Әлем чемпионаты - алғаш рет өткізілгелі отырған бірегей спорттық жарыс. Аталмыш ірі халықаралық турнир Nur-Sultan Ethno Fest алаңында ұйымдастырылады. Қазіргі кезде дүбірлі додаға әлемнің 20 мемлекетінің үздік мергендері қатысатындарын растаған. Оның ішінде Орталық Азия елдерінен өзге Малайзия, Оңтүстік Корея, Иордания, Румыния, Финляндия, Польша, Венгрия және тағы да басқа мемлекеттердің өкілдері бар.

Сонымен қатар, 1 маусым - Балаларды қорғау күні қарсаңында Nur-Sultan Ethno Fest аумағында балаларға арналған аттракциондар жұмыс істейді. Фестивальдің кішкентай қонақтары елордалық Қуыршақ театрының үздік қойылымдарын тегін тамашалайды, атқа мініп, асық ату, ләңгі ойындарын ойнайды, отбасылық эстафетаға қатысады.

«Nur-Sultan Ethno Fest» фестивалінің ресми ашылуы 31 мамырда сағат 19:00-де өтеді.

Хабар 24 телеарнасы