378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарасай ауданындағы өрттен тараған қою түтін Алматыға жетті

  • 67
  • UPD: 23:08, 16.05.2019

Алматы облысының Қарасай ауданындағы Әйтей ауылынан 7 шақырым жерде тұрмыстық қалдықтар жанып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түтін тіпті Алматы қаласына да жетіп, жұрттың мазасын қашырды.

Түн ортасында тұтанған өрт 70 метр тереңдікте басталған. Бықсып жанған қалдықтардан аспанға көтерілген қою түтін Алматы қаласы мен жақын маңдағы елді мекендерді басып қалды. Таңертеңнен бері қала тұрғындары түтіннен тараған жағымсыз иіс туралы әлеуметтік желелерде жарыса жазып, алаңдаушылық білдірген. Ауаның ластануын тексерген Қазгидромет мамандары болса қоқыс түтінінің денсаулыққа айтарлықтай зиян келтірмейді дейді.

Түтенген қалдықтарды өшіруге қырыққа жуық техника мен 114 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Сондай-ақ екі тікұшақ көкке көтерілді. Әуе күшінің көмегімен 78 текше метр су шашылды. Қазір өрттің тұтану себептері анықталып жатыр. 

Владимир Беккер, ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

– Қоқыс алаңындағы бықсып жанып жатқан қалдықтарды өрт сөндіру техникасымен өшіру мүмкін емес. Сондықтан сол аумаққа жауапты мекеме қызметкерлері арнайы техникалармен өрт шыққан жерді топырақпен көміп жатыр. Оларға Алматы қаласы мен облысының өрт сөндірушілері де көмектесуде.

Төтенше жағдайлар комитетінің басшылары ертеңге дейін өртті толығымен сөндіруге бар күшімізді жұмсап жатырмыз, бірақ қазір нақты айту мүмкін емес дейді. Жалпы аумағы 10 гектар бұл алаңға күніне мың тоннадан аса қоқыс төгіледі.  

Аршын Кемелжан, тілші:

– Түн ортасында түтіндеген полигон әлі де жанып жатыр. Басында өрт сөндіруге осы жеке компаниясының өрт сөндірушілері жұмылдырылған болатын. Ал бірнеше сағаттан бері өрт сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің техникалары да келе бастады.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы әлеуметтік желілер арқылы ауаға зиянды улы зат тарап жатыр деп, таратылған ақпараттың жалған екенін айтты.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы