378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында құс өсірушілер жұмыртқаға субсидия ала алмай жүр

  • 41
  • UPD: 07:36, 17.05.2019

Алматы облысындағы құс өсірушілер жұмыртқаға төленетін субсидияларын ала алмай жүр.

Өткен жылы аударылуы тиіс қаражат әлі күнге дейін есеп-шоттарына түспепті. Қалыптасқан жағдайға байланысты қос кәсіпорынның директоры облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасын сотқа берді. Тараптарды беттестірген соттың алғашқы отырысы да  өтті.

Қос кәсіпорынның жетекшісі сотқа 480 млн теңгені даулап келді. Үш жарым айдың субсидиясы оларға өткен жылы аударылуы тиіс екен.  Мемлекетен берілетін көмек болмаған соң биыл құс сатып алуды тоқтаттық дейді зауыт басшысы.    

Оңдасын Тілеулиев,  құс фабрикасының директоры:

- Бізде шамамен 60 мың құс бар. Енді қаржы аударылмаса, біз сол тауықтарды сойып, етке өткізе бастаймыз. Субсидияға қатысты бұндай жағдай бізде жыл сайын қайталанады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жылдық субсидияның 8 жарым айын жапқан. Яғни, сол кезеңге төленуі тиіс қаржыны құс фабрикаларының есеп-шотына аударыпты. Қалғанына қаражат жетпей қалған. 

Димаш Сыдықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Біз Ауыл шаруашылығы және қаржы министрлігінен облыстық әкімдіктен қаржы сұрадық. Бірақ 2018 жылы бөлінген жоқ. Биыл скл министерстводан хат келді. Хатта тамыздан бастап, Желтоқсанға дейінгі өткізген өтінімдерін 2019 бюджетінен төлеп беріңдер деп келді. Ал мамыр мен шілде аралығындағы төленбейді деп хат берілген.

Субсидияға қатысты өзекті мәселе Алматы облысында ғана емес, еліміздің өзге үш өңірде де қалыптасып отыр.

Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілері одағының төрағасы:

- Қарағанды, Ақмола облыстарына осындай проблема бар. Енді бұлар субсидия алмаса, Когер ЛТД өндірісті қысқартып отыр. Өндіріс қысқарған соң жұмысшылар да қысқарады.

Алматы облысында 10 кәсіпорын құс өсірумен айналысады.  Солардың алтауы отандық нарықтағы жұмыртқаның 30 пайызын шығарып  отыр. Осы серіктестіктерге берілетін субсидия облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы арқылы аударылады. Сондықтан арызданушы тарап, сот отырысына сол саланың жауаптыларын да шақыртуды сұрады.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Субсидия мәселесіне байланысты сот отырысы екі аптадан кейін қайта жалғасады. Сол кезде тауар өндірушілердің талабы орындалмаса, жылына 500 млн жұмыртқа өндіріп отырған қос кәсіпорын өнім көлемін екі есеге қысқартуға мәжбүр болатынын мәлімдеп отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы