379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бердібек Сапарбаев елордада батыр аналармен кездесті

  • 78
  • UPD: 13:59, 17.05.2019
Бердібек Сапарбаев елордада батыр аналармен кездесті Фото ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Елорда Инфо ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева, Құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина қатысты.

«Кездесу барысында көп балалы аналарға мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берілді. Қолданыстағы жеңілдіктерден басқа зейнеткерлікке 53 жас мерзімінен бұрын шығу, жұмыс істемейтін ананың 3 жасқа дейінгі баласының күтімі бойынша кезеңінің еңбек өтіліне қосылуы, салық пен баж салығының кейбір түрлерін төлеуден босату құқығы, тұрғын үйге жеңілдетілген кезекке тұрғызу және мұндай санаттағы азаматтарға мемлекеттік қолдауды күшейтудің қосымша шаралары да қарастырылуда», - делінген хабарламада.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілуде. Мәселен, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және табысты арттыру үшін көп балалы ауылдықтарға жаңа бизнес-идеяларға 505 мың теңге мөлшерінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілетін болады. Сондай-ақ, осы жылы көп балалы аналар мен мүгедектігі бар адамдар арасында кәсіпкерлікті дамытуға 5 мың микрокредит беріледі.

Сонымен қатар, көп балалы аз қамтылған ауылдық отбасылар үшін қажетті мамандықтарға қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылады. Жекелеген жұмыс түрлері бойынша жалақыны субсидиялаумен үйде әлеуметтік жұмыс орындары құрылатын болады.

«Министрлік әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек пен қызметтердің бірыңғай пакетін әзірледі. Әлеуметтік пакетте жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау және әлеуметтік қызмет көрсету бойынша 11 шара қамтылған.

2019 жылы 287 мың бала мектептерде тегін тамақпен, 553 мың адам тегін жол жүрумен, 219 мың оқушы мектеп формасымен және керек-жарақтармен, 30 мыңға жуық бала балабақшаларда орынмен қамтамасыз етіледі, 186 мың бала лагерьге жолдама алады, 460 мыңнан астам адам бір жолғы көмек алады, 5 мың АӘК алушы жұмыспен қамтылады, 5 мың адам тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартады. Жалпы әлеуметтік көмектің барлық түрлерімен 83,1 млрд теңгеге 821 мың адамды қамту жоспарлануда», - деп хабарлайды.

Кездесуге қатысқан көп балалы аналар «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында тұрғын үй жағдайын жақсарту, жалпы білім беру қоры аясындағы қолдау, санаториялық-курорттық емдеу, медициналық қызмет көрсету, соның ішінде стоматологиялық қызмет көрсету және басқа да мемлекеттік қолдау шараларын алу туралы сұрақтар қойды.

Сол жерде консультация мен барлық сұрақтар бойынша түсініктеме берілді. Еңбек министрлігінің басшылары ведомство құзыретіне кіретін мәселелерді шешуді жеке бақылауға алды.

1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен, «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған 235 мыңнан астам көп балалы ана тұрады. Оның 4787-сі Нұр-Сұлтанда тұрады.

Хабар 24 телеарнасы