378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында күл үйінділерінен алынатын микросфераға қатысты мәселе өршіп тұр

  • 67
  • UPD: 23:44, 17.05.2019

Белгілі болғаны мұндай жұмыстар тек Ақсу қаласында емес, Екібастұздың электр стансаларының маңайында да қарқын алған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Біздің тілшілеріміз оны қазумен қатар қабылдайтын орындарды да іздестіріп көрген еді.

Ақсуға бара жатқандар бұл көрініске еріксіз назар аударады. Дала төсін шаңға бөккен ауыр көліктер. Жиналған жүктей  қаланған қаптар мен жұмысшылар. Жерден қара кете сала басталған жұмыстар бүгінде тәулік бойы тоқтаусыз жүріп жатыр.

Дархан Исжанов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Өте күрделі жағдай қалыптасып отыр. Өйткені бұл мемлекетке тиесілі жер. Сондықтан барлық қызмет түрлері арнайы рұқсат пен жүзеге асуы керек. Мемлекеттік, экологиялық сараптама  жасалып, қоршаған ортаға тигізетін әсеріне баға берілуі тиіс еді. Бұл талаптардың бірі де орындалып жатқан жоқ.

Бұл – Қарасор көлі. Екібастұздың электр стансалары су араласқан күлді осы өзенге құяды. Су қоймасынан микросфера жинауға 4 фирманың рұқсаты бар. Қалғандары заңсыз жұмыс істейтіндер.

Сабыржан Қанапиянов, микросфера өндіретін компанияның бас директоры:

- Біз қазір Мемлекеттік аймақтық электр стансасына келісім бойынша тоннасына 50 мың теңге төлейміз. Көлден жиналған өнімді таразыға өлшетеміз. Бүгінгі таңда шамамен 100 шақты адам жұмыс істейді және 47 миллион теңге салық төленді.

Шикізат қорын заңсыз өндірумен айналысатындар келгелі көлден тыныштық кеткен. Қабылдау пункттерінің де қатары артыпты.

Сабыржан Қанапиянов, микросфера өндіретін компанияның бас директоры: 

- Заңсыз қабылдау пункттері Ақжол, Береке, Солнечный және Қалқаман ауылдарында орналасқан. Бүгінгі таңда олардың саны 30-40-қа жетті. Өз күшімізбен тоқтата алмаймыз. Сондықтан облыстың құқық қорғау органдары мен  «Атамекенге» шықтық. Осы бағытта көшпелі жиын өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл – шұғыл шешімді қажет ететін мәселе.

Ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтау мақсатында біз фирма өкілдерімен көрші ауылға бет бұрдық. Өзара тіл табыса алмаған екі жақтың арасында дау-дамай туындады. Тіпті полиция жасағын шақыруға тура келді.

Василий Скляр, Ақсу қалалық полиция бөлімінің басшысы:

- Оқиға орнына тергеу-жедел тобы шұғыл келіп дау-дамайдың бетін қайтарды. Қылмыстық кодекстің 293-бабы, яғни бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жергілікті тұрғындардың бірі күнкөріс қамымен жүргенін айтып қалды. Екі қолға бір күрек таба алмағандар жалданып жұмыс істеуге мәжбүр. Ал техногенді минералды түзілімдерді қазу жұмыстарын тоқтату экологтардың қолынан келмейді. Қарқын алған көлеңкелі бизнесті жоюға тек мемлекеттік органдар  жұмыла кіріскенде ғана қол жетеді. Ал жалданып жұмыс істеп жатқан азаматтардың әлеуметтік жағдайын ескеретін құзырлы мекеме өкілдері әзірге төбе көрсетпеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы