378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында 34 мың тұрғыны бар елді мекен газбен қамтылды

  • 102
  • UPD: 23:44, 17.05.2019

Басқұдық ауылдық округіндегі мәселені бұған дейін бірнеше рет көтерген болатынбыз.

Айтылған сыннан нәтиже бар, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Бас-аяғы 11 көшенің барлығы көгілдір отын желісіне қосылды. Ауыл тұрғындары жаяу жүргіншілер жолын төсеу жұмыстарының жандануын да күтіп жүрген еді. Қазір бір шақырымға тарта көше бойына сүрлеу тақталары орнатылып жатыр.

Мұнайлы ауданына қарайтын Басқұдық ауылында 300-ге тарта жер үй бар. Елді мекен жеті тұрғын үй массивінен тұрады. Кезінде екі массиві жобалауға енбей қалуы себепті газ тарту жұмыстары былтыр басталып еді. Яғни сегіз көшеге көгілдір отын барып, қалған үшеуіне құбыр тартылды. Енді олар да орталықтандырылған газ желісіне қосылып отыр.

Өсер Тілепов, Басқұдық ауылдық округінің әкімі:

- 2018 жылы инвестициялық жобалар есебінен бізде кезінде жобалауға енбей қалған кейбір көшелерді газдандыру басталған болатын. Қазіргі таңда сол 11 көшенің сегіз көшесіне газ берілді. Міне, бүгінгі күні соңғы көшеге газ беру жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен біздің Басқұдық ауылдық округі жүз пайыз газбен қамтылатын болады. 

Жаяу жүргіншілер жолын төсеу мәселесі – ауылдық округ әкімінің халыққа есеп беру кездесуінде жылда көтерілетін мәселенің бірі. Әсіресе жаңадан құрылған тұрғын үй массивтері ойлы-қырлы жерлерде орналасқан. Күн суықта қатып қалатын төбелерге шығып-түсу оқушы тұрмақ үлкенге де қиын.

Өсер Тілепов, Басқұдық ауылдық округінің әкімі:

- Тұрғындар тарапынан өтініштер болатын, осы қыстың кездерінде оқушылардың мектепке баратын жолдарында қиындық туындайтын. Қазіргі таңда жаяу жүргіншілер жолдарын салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Ауыл ішіне сүрлеу тақталарын төсеу жұмыстары абаттандыруға жұмсалатын қаржы есебінен жүзеге асып жатыр. Бір шақырымды құрайтын көше бойымен тұрғындардың қауіпсіз жүруі үшін бюджеттен 6 млн 700 мың теңге бөлінген.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы