378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада тұрғын үй қорын дамыту жайы талқыланды

  • 78
  • UPD: 23:43, 17.05.2019

2030 жылға қарай әрбір қазақстандыққа шаққанда баспанамен қамту көрсеткіші 30 шаршы метрге дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ол үшін жаңа үйлер салудың жыл сайынғы өсімі 8 проценттен кем болмауы тиіс. Мақсатты орындау үшін халықаралық тәжірибелер зерттелді. Аталған тақырып бүгін Астана экономикалық форумының аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі ұйымдастырған панельдік сессияда талқыланды.

Жиында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету тұрғысындағы халықаралық тәжірибелер туралы баяндады. Айтуынша, бүгінгі таңда бірқатар елдің озық үлгілері екшелген. Енді алдағы 11 жылда тұрғын үй қорын 60 процентке дейін арттыру мақсаты тұр.

Әнуар Омарқожаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Біз дамыған бірқатар елдің тәжірибесін зерделедік. Нәтижесінде Сингапур, Оңтүстік Корея, Түркияның үлгілері назарға алынды. Аталған елдерде тұрғын үй құрылысын бірыңғай оператор кешенді түрде іске асырады. Тиісінше құрылыста жаңа әдістер, заманауи материалдар мен технологиялар кеңінен қолданылып, өзінің нәтижесін көрсетіп отыр.

Яп Чин Бенг, сингапурлық кәсіпорынның жетекші кеңесшісі:

- Сингапурде бос жер аз. Тиісінше жер телімі қымбат. Біз тек жоғары дәрежедегі үйлерді саламыз. Әр тұрғын үй алабында балабақша, дүкен, бизнес орталықтары, тіпті өзінің қоғамдық көлік бағыты жұмыс істейді.

Жиында баспанамен қамтудың заманауи экожүйесі талқыланды. Бұл бағытта бірыңғай оператор, қолжетімді қаржыландыру және құрылыс саласын цифрландыруға басымдық беріліп отыр.

Ли Чае Кванг, Корея Республикасының тұрғын үй кепілдігі корпорациясының президенті:

- Кореяда алдағы уақытта 5 миллион тұрғынды сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамту көзделіп отыр. Қазақстанда біздің компаниямыз жұмыс істейді. Құрылыс саласындағы мамандарыңыз оның тәжірибесіне сүйене алады. Алдағы шілде айында аталған бағыттағы әріптестікті дамыту үшін арнайы делегат жіберу ойда бар.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ететін бірыңғай оператор жұмыс істеу үшін заңнамалық базаға өзгеріс енгізу маңызды. Бұл алдағы екі жылдың көлемінде орындалып қалуы да мүмкін.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы