379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында туристік полиция өз жұмысын бастады

  • 120
  • UPD: 10:03, 18.05.2019

Елімізде жақында ғана құрылған туристік полицияның Ақмола облысындағы өкілдері өз жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Аталған қызмет өңірдегі табиғаты көркем Зеренді және Бурабай курортты аймақтарында орын тепкен.

Министрліктен келген су жаңа форма мен құрылғыларын қолға алып Бурабайдағы туристік полиция бүгін өз жұмыстарын ресми түрде бастады. Жаңа құрамға қазір таңырқап, тіпті, түсінбей қарап жатқандар көп. Сөйтсек, туристік полиция әдеттегі сақшы секілді туристерді жазалап, тәртіпке салу үшін емес, оларға жол көрсетіп, қылмыстың алдын алу үшін құрылған екен. 

Әділхан Кәрімов, туристік полиция инспекторы:

- Әкімшілік іс қозғау және тағы да басқа әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау біздің міндетімізге жатпайды. Өйткені біздікі оларға кеңес беру, алдын алу жұмыстарын өткізу және олар адасып кетпеу. Шетел азаматтары мен туристер білместіктен құқық бұзушылық жасап қоймауының алдын алу. 

Туристік полицияға жаңа киім ғана емес, курортты аймақтың ауасын ластамау үшін электромобиль де берілген. Енді олар сонымен Бурабайды аралап, күндіз-түні қызмет атқарады. Айтпақшы, туристерге жол көрсететін полицейлердің барлығы қазақ және орыс тілдерімен қатар ағылшын тілін де меңгерген.

Американың Техас штатынан келген Дэвид Миллер саяхаттағанды ұнатады. 68 жастағы профессор: «Әлемде дәл осындай туристік полиция көрген жоқпын», – дейді.

Дэвид Миллер, турист /АҚШ/:

- Мен әлемнің көптеген елдерінде болдым. Бірақ дәл осындай қызметті байқамаппын. Бұрын мен Мысырда тұрғанда туристік полиция деген болды. Бірақ олар тек жол көрсетуші, кеңесші ретінде жүреді. Мүмкін айырмашылықтары бар шығар. Бірақ мен Бурабайда туристік полицияны көріп, таң қалдым.

Ақиқатында біздегі туристік полицияның да қызметі қонақтарға бағыт-бағдар беріп, олардың өзін қауіпсіз сезінуге жағдай жасау. Курортты аймақтағы тәртіп сақшылары бақылау жағынан тек шетелдіктердің виза мерзімін ғана тексере алады.

«Жалпы, Бурабайға былтыр 400 мыңға жуық турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 600 мыңнан асып, тіпті 700 мыңға жетеді», – дейді мамандар. Сондықтан туристік полицияға жүктелген міндет көбеймесе, азаяр емес.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы