378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау өңірінің 63 тұрғыны донорлық көмекке зәру

  • 58
  • UPD: 13:50, 18.05.2019

Өкінішке қарай, олардың қатарында мектеп жасындағы балалар бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Науқастар бүйрек трансплантациясына кезекте тұр.

Елімізде ағза ауыстыру әдісі жасала бастағалы осы аймақтан бірде-бір донор шықпаған. Ал мәйіттік органдар арқылы сегіз адамның өмірін құтқаруға болады, депті Ақтауда жүрген трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының өкілдері.

Отыз жастағы Мөлдір Маратқызы Бейнеу елді мекенінің тұрғыны. Өзі екі баланың анасы. Бес жыл бұрын бүйрегі сыр беріп, дәрігерге қаралған. Содан бері Ақтаудағы емханада квота арқылы аптасына үш рет гемодиализ емін қабылдап жүр. Туысқаны ағзасын бергісі келгенімен қан тобы сәйкес келмепті. Бар үміті - донорлық көмекте.

Мөлдір Маратқызы, қала тұрғыны:

– Бес жыл болды гемодиализ алғаныма. Осы жерде тұрып келемін денсаулығыма байланысты. Жақында Бейнеу ауданынан ашылды, дегенмен осы жер ыңғайлы. Қан тобы, бүйрек тамырлары бір-біріне сәйкес келген жоқ.

Қазақстанда өткен жылы мәйіттік донорлық арқылы 290 адамның өмірі құтқарылған. Биылғы төрт айда 40-тан астам адамның ағза мүшесі ауыстырылды. Қазір дәрігерлер көбіне туыстық трансплантация жасайды. Өйтпеске амалы жоқ, өлген адамнан орган алуға жақындары келіспейді.

Бақыт Жарқынбеков, трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының өкілі (Нұр-сұлтан)

– 2018 жылы кішкене қиындау болды. Биыл төрт айдың ішінде 41 адамға трансплантация жасалды. Тағы бір-екі орталық ашамыз деген ойымыз бар.

Талғат Исламұлы, тілші:

– 2015 жылы Қазақстанда он транспланттау орталығы болған. Қазір олардың алтауы жұмыс істейді. Дені Нұр-Сұлтан мен Алматыда орналасқан. Батыс аймақтар бойынша тек Ақтөбеде ғана бар. Мұндай Ақтауда орталық ашылады ма? Бұл сұрақты облыстық аурухана басшылығына қойған едік. Директордың айтуынша, дәрігерлердің ағзаны алмастырып салу операциясын жасауға лицензиясы бар.

Болатбек Каюпов, облыстық аурухананың директоры:

– Транспланттау саласы бойынша атап кететін жетістігіміз бар. Біз құрамына хирург, нефролог, гепатолог кіретін бригада жасақтап жатырмыз. Олар орталық ауруханада ағза алмастыру операцияларын жасайтын болады. Әрине негізгі жұмыс медициналық көмектің осы түрін үйлестіруші дәрігерге жүктеледі. Ол мәйіттік донорды пайдалану қажеттігін науқасқа түсіндіріп, қажет ағзаны іздеумен шұғылданады. 

Демек Ақтауда транспланттау орталығын ашуға қажетті мүмкіндіктің барлығы бар. Науқастар бөлек орында жатып операцияның жасалуын күте алады. Әдетте мұндай емдік шара жасалған адамның жағдайы үнемі бақылауда болады. Алайда оған қажетті зертханалық құралдар орталық ауруханада әзірге жоқ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы