378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық бітімгерлер Ливандағы миссиясынан оралды

  • 85
  • UPD: 16:12, 18.05.2019
Қазақстандық бітімгерлер Ливандағы миссиясынан оралды

Қазақстан Қарулы Күштері бірінші құрама бітімгершілік ротасының әскери қызметшілері Ливандағы БҰҰ-ның уақытша күштері миссиясының құрамында БҰҰ-ның мандатына сәйкес бітімгершілік қызмет бойынша оларға жүктелген міндеттерді сәтті орындап, Отанға абыроймен оралды.

Қазіргі заманғы Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет 2018 жылғы 31 қазанда қазақстандық бітімгерлік полк құрама бітімгерлік ротасының 120 әскери қызметшісі «ҮндҚазбат» үнді батальоны құрамында «Ливандағы БҰҰ-ның уақытша күштері» миссиясына қатысу үшін Ливан Республикасына жіберілді.

6 ай бойы қазақстандық бітімгерлер өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі міндеттерді және жергілікті жерді патрульдеу, бақылау бекеттерін ұйымдастыру, атыстың тоқтатылуының сақталуын бақылау, халыққа көмек көрсету бойынша функцияларды лайықты түрде орындады, сондай-ақ миссияның штабы өткізген барлық іс-шараға қатысты.

БҰҰ-ның халықаралық базасында бірінші бітімгершілік ротаны ҚР ҚК-ның кезекті бітімгершілік контингенті алмастырды. Бітімгершілік контингенттің ротациялану процесі 2 кезеңде өтті. Бұл командалық лауазымдар мен мүлікті сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Ротацияның бірінші кезеңіне 64 әскери қызметші кірді. Екінші кезеңде ротаның жауапкершілік аймағын тапсыруды жүзеге асыра отырып, ұлттық бітімгерлік бөлімшенің жеке құрамын толық ауыстыру жүргізілді. БҰҰ-дан миссияға қатысқан әскери қызметшілерге БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бекіткен мөлшермелер бойынша шығындар төленеді. Бұл бір әскериге 1428 АҚШ долларын құрайды. Қосымша әрбір әскери қызметшіге күніне 1,28 АҚШ доллары көлемінде тәуліктік шығындар төленді. Тамақ пен тұру БҰҰ есебінен жүргізілді.  Сондай-ақ әскери қызметшілер ҚР Қорғаныс министрлігі есебінен теңгемен ақшалай үлеспен қамтамасыз етілді. Бітімгершілік операциядан оралған соң әскери қызметшілер мемлекет есебінен санаторлық-курорттық ем қабылдауға жіберіледі. Бітімгерлік операцияларға қатысқан (атсалысқан) әскерилерге жыл сайынғы еңбек демалысына қосылатын ұзақтығы екі аптаны құрайтын қосымша демалыс ұсынылады. Бітімгерлік операцияларға қатысқан (атсалысқан) әскерилерге бітімгерлік операцияларға қатысу кезеңінің бір айы бір жарым ай болып жеңілдік жағдай негізінде есептелінеді. Ливандағы БҰҰ миссиясының, сондай-ақ «ҮндҚазбат» батальонының қолбасшылығы қазақстандық бітімгерлер дайындығына жоғары баға бергенін айта кету қажет. Ұлттық бітімгерлік бөлімшенің миссияға қатысуы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосып ғана қоймай, сонымен бірге халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде Қазақстанның беделін  нығайтады.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы