378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында 6 көп балалы отбасы баспаналы болды

  • 162
  • UPD: 09:08, 19.05.2019

Ақмола облысында былтырдан бері жүзеге асырылып жатқан «Ел үлесі – пәтерге» атты қайырымдылық жобасының аясында 6 бірдей көп балалы отбасы баспаналы болды.

Енді аталған жыл соңына дейін тағы 5 пәтер сатып алынып, мұқтаж отбасыларға тарту етілмек.

Біз қазір Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный яр кентіндеміз. Біз мұнда неге келіп отырмыз? Себебі, дәл осы үйдің өзінен әрқайсысы 2 бөлмелі бір емес, төрт пәтер мұқтаж отбасыларға сыйға тартылған. Қазір солардың бірімен кездесіп көрмекпіз. Ендеше, ішке кірейік.

Мәуленгүл Тарбақ – жеті баланың анасы. Осыдан бес жыл бұрын күйеуінен айырылған. Содан бері балаларымен бірге тұрмыс тауқыметін тартып келген еді. Пәтерден пәтерге көшіп, біраз қиындық көрген көп балалы анаға былтыр елдің көмегімен жаңа пәтер сатып әперілді.

Мәуленгүл Тарбақ, көп балалы ана:

- Пәтер жалдап жүрген кез бен қазіргі өз үйімнің екеуінің арасы жер мен көктей. Болашаққа деген сенім пайда болады. Балалардың да. «Өз үйің, өлең төсегің» дегендей, еркін жүріп, еркін тұрып. Біреудің қабағына қарамайсың.

Жалпы, Мәуленгүл секілді халықтың көмегімен баспаналы болып, қуанышқа кенелген 6 отбасында 42 адам бар болса, олардың 33-і бала. Ал аналарының көбісі жалғызбасты. Олардың пәтер алғандағы көңіл-күйі адамды еріксіз тебірентеді.

Имамдардың айтуынша, бұл игі іске бүгінде қарапайым халық тұрақты үлес қосып келеді. Тіпті зейнеткерлерден бастап студенттерге дейін қайырымдылыққа қаржы жұмсайды екен.

Ерболат Шәріпов, ҚМДБ жанындағы корпоративтік қорының облыстағы өкілі:

- Мысалы, бір студент апта сайын 2 мың теңгеден тапсыра отырып, біз оны артынан мониторинг жасап, кім көп ақша салды, кім әрдайым апта сайын салды деп, сол бауырымызды тізімнен алып, «Көкшетау» мәдениет сарайында пәтердің кілтін тапсырып жатқан кезде сол бауырымызды да шығарып оны марапаттадық.

Мұқтаж отбасылардың баспаналы болуына үлес қосып жатқандардың ішінде өнер иелері де бар. Мәселен, көкшетаулық әнші жігіттердің бірі қайырымдылық концерттерін өткізіп, одан түскен 500 мың теңгені қайырымдылық қорының есепшотына аударған. Кәсіпкерлер де қомақты қаржы қосқан.

Қуаныш Сәбит, «Науан Хазірет» мешітінің бас имамы:

- Бұл жоба 2 мың теңгеден басталған болатын. Бірақ осы уақытқа дейін кәсіпкерлер тіпті 1 млн теңгеге дейін бергендер бар. Сондықтан осы кәсіптерімізге Алла разы болсын! Қазіргі уақытта аудан мешіттері қатысып жатыр. Мінекей, бүгінгі күні Бұланды ауданында 1 үй берілді және Біржан сал ауданында көп балалы отбасыға 1 үй берілген болатын.

Ал пәтерді кімге беру керектігін арнайы құрылған комиссия шешеді. Олар мұқтаж отбасылардың жағдайын жан-жақты зерттейді екен. Айта кету керек, бүгінде Ақмола облысында 800-ден астам көп балалы отбасы баспанаға зәру. Сондықтан қайырымдылық жобасы бір сәтке де тоқтамақ емес.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы