380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау алып құрылыс алаңына айналды

  • 197
  • UPD: 18:03, 19.05.2019

Мұнайлы өлкенің орталығы – Атырау қаласы бүгінде алып құрылыс алаңына айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғын-үй, емхана, балабақша, мектептерден бөлек жалпы құны 20 миллиард теңгеден асатын ірі 5 нысан салынып жатыр. Бұл жобалардың кейбірі қала инфрақұрылымындағы көкейкесті мәселелерді түбегейлі шешсе, енді бірі облыс орталығының көркеюіне үлес қосады.

Шаһардың сол жағалауы үшін салынып жатқан сағатына 70 мың текше метр кәріз суын тазалайтын қондырғы қараша айында іске қосылады. Кәріз суы жаңа технологиялар арқылы биологиялық тазалау, ультракүлгін сүзбелерден өткізілгеннен кейін одан техникалық су алынады. Бұл суды өндірістік кәсіпорындар өз қажеттіліктеріне жаратады. Ал қалған қатты қалдықтар тыңайтқыш ретінде кәдеге асырылмақ. Алдағы жылда оң жағалауға да осындай қондырғы құрылысы басталады.

Мәлік Аманов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

– Мұның қалаға беретін артықшылығы, Атырау қаласында бұрын-соңды кәрізді тазалау қондырғысы болмаған, шығып жатқан кәріздік сулар тікелей халықтың ішінде айтылатын «тухлая балка» алаңыңа тікелей айдалып жатыр. Осыны енді біздер тазалап, экологияны жақсарту жөнінде жұмыстар істеп жатырмыз.

Биыл іске қосылатын серпінді жобалардың бірі – 19 мың шаршы метрді құрайтын «Жастар және оқушылар сарайы». Бұрын-соңды облыста болмаған ерекше ғимаратта жастар мен оқушыларға қажетті дүниенің барлығы жоспарланыпты. Түрлі спорт залдары мен секциялар, робототехника, астрономия, музыка үйірмелері секілді көптеген қажеттілік толық қарастырылған. Келесі жоба – «Исатай-Махамбет» атындағы 50 мың шаршы метр аумақты алып жатқан орталық алаңды қайта жаңғырту. Көптеген архитектуралық композициялардан бөлек ерекшелігі, алаңға орнатылған құрылғылардың барлығы цифрлық жүйе, автоматты түрде іске қосылады.  

Әділ Жұбанов, мердігер:

– Қала тұрғындарына, қонақтарға үлкен сый болады деп ойлаймын. Жұмыс шартымыздың уақыты келесі жылы қараша айында болатын болса, тездетіп тапсыруға жұмыстанып жатырмыз. Осы жылдың тамыз айының соңына дейін тапсырғымыз келеді.

Отыз жылдан бері жөндеу көрмей, жиегі жарқабаққа айналған Жайық өзенінің жағалауы да абаттандырылып жатыр. Мұнда да сәулет өнерімен көмкерілген нысандар мен спорттық және балалар алаңдары орнатылады. Тағы бір жоба – биіктігі 91 метрлік ту тұғыр құрылысы. Тұғырға 29 метрлік ту орнатылады. Атап айту қажет, мердігерлер бұл құрылыс нысандарының көпшілігін жыл аяғына дейін тапсыруды жоспарлап отыр.  

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы