378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда әскери қызметші өрттен екі адамды құтқарып қалды

  • 245
  • UPD: 18:37, 19.05.2019

Тілсіз жау қала орталығында орналасқан жеке үйді шарпыған, деп хабарлайды «Хабар 24»

Аға лейтенант Шыңғыс Қалижанов үйден екі әйел адамды қауіпсіз жерге шығарып, өртті жалғыз өзі ауыздықтаған.

Татьяна Дмитрюк, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Өрт болған кезде сырттан қарап тұрғандар көп болды. Көмекке тек Шыңғыс келді. Өрт сөндірушілер жеткенше өзіміз сөндіріп үлгердік. Шыңғысқа алғысымызды білдіргім келеді.

Өрт болған күні Шыңғыс Қалижанов қызметінен үйіне қайтып келе жатқан. Жол жөнекей өтіп бара жатып, көшедегі үйлердің бірінен шыққан түтінді көреді. Көп ойланбастан, баспананың есігінен баса кіріп, үйдің ішіндегі екі әйелді сыртқа алып шыққан.

Шыңғыс Қалижанов; 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі:

– Үйден шығып жатқан түтінді көріп, бірден өртті сөндіруге кірісіп кеттім. Ол кезде басты мақсатым үйдегі адамдарды құтқару болды. Өрт сөндіру қызметі келіп үлгергенше түрлі жағдай болуы мүмкін ғой.

Әскери қызметін Шыңғыс Қалижанов 2009 жылы бастаған. Ақтөбе қаласының әскери бөлімінде қызмет атқарып жүріп, келісім шартпен Қарағандыдағы 6505 әскери бөліміне ауысып келген.

Қанат Дос, орталық өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы:

– Қызмет барысында ешқандай сөгістер ескертулер алмаған. Офицер тек жақсы жағынан өзін қызметте көрсеткен қызметкерлердің қатарына жатады. Оның ерлікке жақын әрекеті қолбасшылық тарапынан өте жоғары бағаланды.

Ерлік танытқан аға лейтенант Шыңғыс Қалижанов Ұлттық Ұланның бас қолбасшылығының марапатына ұсынылды.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы