378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда баспана бағасының өскені туралы ақпарат расталмай отыр

  • 143
  • UPD: 08:25, 20.05.2019

Қазақстандық жылжымайтын мүлік порталдарының сарапшылары Қарағанды қаласында баспана бағасының 13 процентке өскенін жариялады.

Бірақ нарықтағы тәжірибесі мол риелторлар бұл көрсеткішті жоққа шығарып отыр.  Қарағандылық мамандардың мәліметінше, әзірге жаңадан салынған баспаналардың бағасында ғана өзгерістер бар. 

Жылжымайтын мүлікті сату саласында он бес жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан риэлторлар баспана бағасының күрт көтерілуіне себеп жоқ деп отыр. Олардың айтуынша, порталдағы көрсеткіштер нарықтағы шынайы бағамен сәйкес келмейді.

Виталий Браиловский, жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:

- Жарнамадағы  баспана құнының ұсыныс бағасы екенін ұмытпаған жөн. Шын мәнінде, үй құны бұдан әлдеқайда төмен. Әрине қазір  жаңадан салынған пәтерлерге сұраныс бар. Бірақ бұл көрсеткіш екі пайыздан аспайды. Сатушылар бағаны шарықтатып қойса да, сатып алушы баспананы нарық заңына сәйкес қолжетімді бағаға түсіріп алады.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл 80 мың шаршы метрге жуық баспана тапсырылған. Ал құрылысшылар болса, бұл көрсеткіштің тым төмен екенін айтады. Пәтер тапшылығы мәселесін шешу үшін жылына 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс.

Төлеген Әшімов, құрылыс компаниясының директоры:

- Құрылыс жобасын жасау жағы ақсап тұр. Біз өзімізге берілген дайын жоба бойынша іске кірісуіміз керек. Алайда жобада көрсетілген көрсеткіштер құрылыс барысында мүлдем сәйкес келмей жатады. Бұл жоспарланбаған шығындарды қажет етеді. Ал құрылысшының қалтасынан шыққан қосымша шығын баспана бағасына әсер етеді. Егер бастапқыда жобалар сапалы жасалса, пәтердің шаршы метрі 160-180 мың теңгеден аспаушы еді. Ал сапасыз жобаның кесірінен баспана бағасы 220-280 мың теңгеге дейін шарықтап кетті.

Мамандар баспана құрылысын жандандыру үшін әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, кластер құруды ұсынып отыр. Бұл жүйеге кәсіпкерлер, ғалымдар, құрылысшылар мен жоба жасаушы компанияларды біріктіріп, сапалы жобалар жасауы тиіс. Сонда ғана баспана бағасы қолжетімді болмақ дейді мамандар.  

Авторлары: Айнұр Әбдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы