387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде киіктерді қорғау жұмыстары күшейтілді

  • 470
  • UPD: 17:28, 20.05.2019
Елімізде киіктерді қорғау жұмыстары күшейтілді

Киікті қазақ киелі жануар деп бағалауы тегін емес. Әсіресе, төлдейтін кезде табиғаттың өзі амал жасайтыны сол киенің белгісі іспеттес.

Мерей Қалиасқар, тілші:

- Қарағанды облысына қарасты Нұра ауданында ат басын бұрдық. Ауа райы құбылмалы. Аспанды бұлт торлап, жел тұрды. Киіктің төлдеуіне бұл жайлы мезгіл. Бір қызығы, киіктер қаншалықты көп болса да, құралайдың самалы кезінде яғни 2-3 күннің ішінде төлдеп үлгереді екен. Мамыр айынан бастап Бетпақдала, Үстірт, Орал киіктерінің популяциясында киіктердің жаппай төлдеуі басталды. Бұл мезгіл мемлекеттік инспекторлар үшін де мазасыз күндер, ұйқысыз түндер. Себебі сайын дала сұлуын суық қарумен сағымға айналдыратындардан қорғайды. Еліміздің 123 млн гектарында 10 облыста қорғау жұмыстары күшейтіліп, 222 инспектор бөкендер шоғырланған аймаққа тартылды.

Аслан Сәдуақасов, «Охотзоопром» жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің инспекторы:

- Жануарлар дүниесін қорғап, келесі ұрпаққа дейін жеткізсек деген мақсатымыз бар. Киіктің бір жақсы жері – өзге төлді жатсынбайды. Бауырына басады. Сонысымен ерекше ме деп ойлаймын. Жетім қалдырмайды.

Әзірге киелі жануардың жалғыз жауы браконьерлер боп тұр. Өткен жылы киікті заңсыз ату бойынша 77 браконьерлік факт тіркелді. Бетімен кеткен браконьерлердің алдын алу үшін 2021 жылға дейін киелі киікті атуға мораторий жарияланды.

Сәкен Ділдәхмет, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

- Браконьерлермен күрескен кезде біздің техника оларға қарағанда әлдеқайда әлсіздеу. Қысы-жазы оларды қорғау үшін үлкен техника қажет. Осы ретте материалдық тұрғыда проблемалар бар.

Осыдан төрт жыл бұрын киіктердің саны 300 мыңға жуық еді, жаппай қырылу салдарынан ақбөкен басы 2,5 есеге азайды. Бір қуантарлығы, жыл сайынғы өсім 40 процентке артып келеді.

Киіктердің саны

2015 жылы         295 мың

2016 жылы         108 мың

2017 жылы         152 мың

2018 жылы          215 мың

Жалпы мұз дәуірінен келе жатқан дала жануары қазір тек біздің елімізде ғана мекендейді. Көршілес Ресей мен Моңғолияда бірең-сараңы кездесуі мүмкін. Алайда олар Қазақстаннан өтіп кеткен ақбөкендер деген болжам бар. Сайып келгенде, ақбөкендерді көздің қарашығындай сақтап, еркіндіктің символын шама жеткенше жақтасақ, миллионнан асып жығылуы әбден мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы