384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте бірнеше көшені су басты

  • 584
  • UPD: 23:39, 20.05.2019

Шымкентте демалыс күндері жауған нөсер жауын жұртты әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаланың орталық көшелері суға толып, ғимараттардың шатырларынан су ақты. Тұрғындардың әлеуметтік желіге салған әуесқой түсірілімде Әкімшілік іскерлік орталығы маңындағы Н.Назарбаев даңғылында көліктердің көшеден әрең өтіп жатқанын байқауға болады. Ал Т.Рысқұлов көшесінде кейбір көліктер су ортасында түрлі ақаулардан өшіп те қалған. Шаһар тұрғындары көшедегі судың неліктен арықтар арқылы ирригациялық жүйемен ағып кетпей, тұрып қалғанын түсінбей дал. Біз бұл мәселенің мән-жайын қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан да сұрадық. Басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Бектұрсыновтың айтуынша, жауын көп мөлшерде жауған соң шайынды су ағып кететін көше бойындағы арық-атыздардың шамасы келмеген. «Тұрып қалған су сусорғыш арнайы техникамен тазартылды», – дейді ол. Ал синоптиктер қалада әлі де жауын-шашын болатынын ескертеді. Сондықтан қала билігі ертерек қамданбаса, Шымшаһар тағы да су астында қалмақ.

Нұрлан Бектұрсынов, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Жауған жаңбырдың өзі бәрімізге мәлім. Қысқа мерзімде жауды. Сол себептен біраз жерді су басты. Атқарылар жұмыстардың барлығы атқарылды. Қатты жаңбыр жауған кезде ирригациялық жүйелермен су ағып кете алмайтыны бізге мәлім болды. Қаупі бар жерлерге арнайы мекеменің мобильдік топтары шығып, суды қайтару жұмыстары атқарылады.

Хабар 24 телеарнасы