378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тараз тұрғындары тауар сақтайтын қойманы бұзуды талап етіп отыр

  • 276
  • UPD: 23:38, 20.05.2019

Таразда тұрғындар бірнеше жылдан бері жеке кәсіпкермен дауласуда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Кикілжіңге себеп болған – құрылыс. Жұрттың айтуынша, жергілікті кәсіпкер олармен еш санаспай аулаларына екі қабатты алып ғимарат тұрғызған. Биік нысанның кесірінен балалар ойнайтын алаңқай тарылып, көпқабатты үйлердің арасында жүріп-тұру қиындаған. Сондықтан қараша құрылысты дереу тоқтатып, бұзып тастауды талап етіп отыр.

9-ықшам ауданда басталған бұл құрылыс үш жылға жуық уақыттан бері осы маңдағы тұрғындардың берекесін қашырды. Жергілікті кәсіпкер ескі ғимаратты сатып алып, орнына тауар сақтайтын қойма салған. Оның бұл әрекетін жұрт заңсыз деп отыр. Гүрілдеген техника мен тарсылдаған дыбыстардан әбден мезі болыпты. Бірақ жиналғандарды мазалайтын бұл емес. Халық ғимараттың онсыз да тар жерге салынғанына ашулы.

Дина Мағзұмқызы, қала тұрғыны:

- Ешқайсысы рұқсат берген жоқ. Арғы жағында балалар ойнайды. Құрылыс кезінде бірдеңе түсіп кетсе... Біз балаларды далаға шығарған жоқпыз. Жауып тастады. Ауа жоқ. Көшуге тура келіп тұр. Пәтерімді сатылымға шығардым.

Айгүл Бекмаханова, қала тұрғыны:

- Балалардың ойнайтын алаңы кішірейіп қалды. Біздің рұқсатымызсыз салды. Бірде-бір тұрғыннан сұраған жоқ. Кейін дырылдатып, тоқылдап жатқан кезде бір-ақ білдік.

Зейнеткер Анна Филгер денсаулығының нашарлағанын айтып шағымданады. Құрылыс басталған уақытта үйдің іші шаң-тозаң, түтінге толып, есік-терезені ашудан қалған. Оның терезесінен қарағандағы көрініс енді мынадай. 70 жастағы қария соңғы үш жылда әбден мезі болған.

Анна Филгер, қала тұрғыны:

- Тракторлардың гүрілі шаршатты. Дәнекерлеу жұмыстары кезінде шыққан түтінге уланып жедел жәрдем шақыртқан күндер де болды. Ал құрылысшыларға сөйлесем, немерелеріммен жасты балалар маған «Аузыңды жап!» дейді. Ал қожайыны бізді пысқырмайды да!

Тұрғындар шағымданып талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Бірақ одан шыққан нәтиже жоқ. Ал кәсіпкер алған бетінен қайтпаймын деп отыр. Өйткені құжаттарының бәрі заңды көрінеді. Соттың шешімі де бар екен. «Жер кондоминиумға кірмейтіндіктен, жұрттан рұқсат сұрауға міндетті емеспін», – дейді ол.

Меркебек Ахылтаев, кәсіпкер:

- Кеңес заманында соғылған ғимарат. Мен көрсетіп тұрмын ғой. Оны ешкім пайдаланған жоқ. Сот шешімімен оны әкімдік аукцион арқылы сатқан. Барлық шешім, барлық келісім бар. Қол қойылған. Заңды.

Жыр болған нысанды жаңадан тағайындалған қала әкімі арнайы барып көрді. Жұртшылықтың шағымын тыңдап, қойма иесімен бетпе-бет сөйлесті.

Бейсенбек Жанбосынов, қала әкімінің орынбасары:

- 2013 жылы аукцион арқылы ғимарат сатылған. 2016 жылы ол ғимарат басқа азаматқа қайтадан сатылған. Бүгінгі таңда Жоғарғы соттың шешімімен жеке кәсіпкердің іс-қимылы ақталып шыққан. Нысанмен бүгін таныстық. Қазір құжаттарын жинақтап, бұның заңдылығы туралы шешім қабылдаймыз. 

Бірнеше жылдан бері жүріп жатқан құрылысқа қатысты қандай қорытынды шығары белгісіз. Бірақ тұрғындар шаруаны соңына дейін жеткіземіз деп отыр. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы