383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында көлік гаражын паналап келген отбасы үйлі болды

  • 179
  • UPD: 23:38, 20.05.2019

Қарағанды облысының Ақтоғай ауылында 4 баласымен қуықтай көлік гаражын паналап келген көп балалы ана баспаналы болды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жалғызбасты ананың жай-күйін көрген жергілікті билік бос тұрған пәтердің бірін күрделі жөндеуден өткізіп, мұқтаж жанға табыстады. Енді жыл соңына дейін мұнда тағы бірнеше отбасы қоныс тойын тойламақ. Айта кету керек, ауданда атаулы әлеуметтік көмек алатын аналардың саны да 5 есеге артқан.

Гүлбахрам Байболатова Ақтоғайға осыдан 10 жыл бұрын Алматы облысынан көшіп келген. Содан бері 4 баласымен гаражды жалдап тұрыпты. Ақыры қасиетті Рамазан айында көп балалы жанұя жаңа қонысқа ие болды. Ал ауыл кәсіпкерлері үй ішін жиһазға толтырған.

Гүлбахрам Байболатова, Ақтоғай ауылының тұрғыны:

- Ақтоғайдың халқына мың да бір рақмет. Үлкен отбасы деп үй беріп жатыр. Осы Ораза айында жасап жатқан жақсылықтары игілікті іс болып жатыр. Алла разы болсын. Мен 4 қабырға мен шатырым болса деп армандайтынмын. Арманыма жеттім.  

Гүлбахрамның баласының алды биыл мектеп бітіреді. Ал өзі әлеуметтік жұмыскер болып еңбек етеді. Табысы аз болған соң, жәрдемақыға іліккен. Жалпы, сәуір айынан бастап ауданда атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылар саны бірден 5 есеге өсіпті. 

Мирас Қасымхан, Ақтоғай аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Сәуір айының 1-інен бастап кедейшілік шегінің 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге өзгеруіне байланысты бүгінгі күнде аудан бойынша 151 отбасы анықталды. Ол 2437 аула араланып, соның нәтижесінде анықталған отбасылар.

Атаулы әлеуметтік көмекке іліккелі аудандағы көптеген шаңырақтың тұрмысы түзелді. Бұрын-соңды Ақтоғайда 33 отбасы осындай жәрдемақыны алып келсе, енді олардың қатары 151-ге артты. Мәселен, Қияшовтар отбасының ортақ табысы 70 мың теңгеден аспайды. «Бұл қаражатқа 6 баланы асырап, оқытып-тоқыту мүмкін емес», – дейді отанасы.

Жанар Қияшова, көп балалы ана:

- Бұрын 15 мың алатынмын. Қазір 120 мыңдай ақша аламыз. Енді үлкеніміз Қарағандыда ҚарМТУ-да оқиды. Биыл 3-курс, ақылыда оқиды. Жыл сайын 380 мың төлейміз. Бұл атаулы әлеуметтік көмек бізге үлкен көмек болды.

Қазір аудан орталығында 12 пәтерлі үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Соның біразы көп балалы отбасыларға тегін берілмек. Ал жыл соңына дейін облыстағы Гүлбахрам секілді жағдайы төмен 500 ана жаңа баспанаға ие болады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы